USD 334.80 EUR 394.47 РУБ 5.80

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Биыл Ақмола облысында картоп бағасы бақылауда тұр

  • 81
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Биыл Ақмола облысында картоп бағасы бақылауда тұр

Ақмола облысында биыл картоп бағасы аса қымбаттай қоймайды.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасы мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының мамандары мәлімдеп отыр. Себебі аймақтың ірі шаруа қожалықтары бағаны негізсіз өсірмеу жөніндегі меморандумға қол қойған. Оның үстіне аймақтың өзінде өсірілетін өнім де өңірді қамтамасыз етуге молынан жетеді. Ал баға шарықтап кетпеуі үшін жағдайды құзырлы органдар қадағалап отыр.

Бұл облыс орталығындағы ең ірі көтерме базарлардың бірі. Өңірдің барлық сауда орындары жеміс-жидек пен көкөністі осы жерден сатып алады. Сондықтан аймақтағы баға да осы базардың саясатына тікелей байланысты.

Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, қазір Ақмола облысында картоппен ешқандай проблема жоқ. Өнім жеткілікті, бағасы да бірқалыпты. Мәселен, қазір Көкшетаудағы көтерме базардың бірінде картоп 90 теңгеден сатылып жатыр.

Раушан Садықова, сатушы:

Бағаны өсіргіміз-ақ келеді. Жанармай шығыны бар дегендей. Бірақ бұған халық жол бермей отыр. «Неге қымбаттаттыңдар?» деп, бірден ашуланып шыға келеді. Мәселен, 95 теңгеден сатсақ, сол қосылған 5 теңге үшін кейбіреулер алмай қояды.

Ал жекелеген дүкендердегі баға бұдан сәл жоғарылау. Дегенмен үстеме көтерме базардағыдан 20-25 пайыздан аспайды. Себебі баға бақылауда тұр. Оның үстіне жыл басынан бері көкөніс бағасын өсірмеу жөнінде жергілікті әкімдік пен өнім жеткізушілер 1 мыңнан астам меморандумға қол қойған.

Бекболат Елбергенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

– Баға өседі деп байбалам салу орынсыз деп ойлаймын. Біздегі баға әрі кетсе, 150 теңгеге жетуі мүмкін. Онда да қыстыгүні картоп азайған кезде ғана. Ал негізінен 20-30 пайызға ғана қымбаттайды. Онда да жанармай және басқа да шығындарды негізге ала отырып қана бағаны өсіруге құқылы.

Жалпы биыл Ақмола облысының диқандары 300 мың тонна картоп жинаған. Оның 70 мың тоннасы Астана қаласына жіберіледі. Бағаны тұрақтандырып, халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де өз септігін отыр. Мәселен, жыл басынан бері өңірде 400-ден астам жәрмеңке өткізілген.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top