USD 332.21 EUR 388.95 РУБ 5.61

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Қарағандыда медициналық мобильді қосымша ойлап табылды

  • 1013
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Қарағандыда медициналық мобильді қосымша ойлап табылды

Қарағандыда зарыққанға жебеу тарыққанға демеу болатын мобильді қосымша ойлап табылды.

«Дамумед» деп аталатын жаңалық дәрігердің қабылдауына үйден шықпай-ақ жазылуға талдаулардың қорытындыларымен және рецепттермен небәрі телефон арқылы танысуға мүмкіндік береді. Жақында GPS жүйесімен қамтылатын SOS батырмасы секілді міндеті де пайда болмақ. Осылайша Орталық Қазақстанның денсаулық сақтау саласы 2018 жылдың басынан толық электронды медицинаға көшуді көздеп отыр.

Жаңа мобильді қосымша қарағандылықтар үшін уақытты үнемдеудің бірден-бір жолы болып тұр. Өйткені облыстың 100-ден астам денсаулық сақтау ұйымы кешенді медициналық ақпараттық жүйені енгізіп, қазір «Дамумед» инновациялық жаңалығымен жұмыс істейді.

Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бұл ақпараттық жүйе дәрігерге өзінің жұмыс күнін бір аптаға жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұрын қалай еді? Бір-екі күнмен шектелетін. Енді медициналық қызметкерлер бәрін бір тәртіпке келтіре алады. Демек көп уақытын емделушілерге арнайды.

Сонымен, «Дамумед» дегеніміз не? Дәрігердің қабылдауына үйден шықпай-ақ жазылу, оны үйге шақыру, рецепттермен, жұмысқа жарамсыздық парағымен, анализдердің қорытындыларымен танысу. Бас-аяғы онға тарта медициналық қызметтің түрі бір телефонның ішінде.

Қала тұрғыны Эльмира Смакова да бұл жаңашылдықтың игілігін көріп, дән риза. Тіркелген емханасы тұратын үйінен ат шаптырым жерде болғандықтан, «дәрігердің қабылдауына мобильді қосымша арқылы жазылған тиімді», – дейді ол.

Эльмира Смакова, қала тұрғыны:

- Енді рецепттерді оқу оңай болды. Олай дейтін себебім, бұрын қолмен жазылғанды түсінбей әлек болатынбыз. «Дәріні 3 рет пе, әлде 5 мәрте қабылдау керек пе?» деп болжап отыратынбыз. Енді бәрі электронды болғаннан кейін, рецепт жазылған парақты қалай жоғалтып алмасам екен деп те алаңдамайсың.

Сүйіншілейтін тағы бір жайт бар. Мобильді қосымшаға SOS қызметі енгізілген. 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар, жүкті әйелдер мен диспансерлік есепте тұрғандар бір ғана батырма арқылы үйіне жедел жәрдем шақыра алады.

Әйгерім Қалымбетова, жалпы практика дәрігері:

- Дәрігерді үйге шақыртудан бөлек, SOS батырмасын басса, науқас жедел жәрдем көмегін үйге шақырғаны бірден көрініп тұрады. Жедел жәрдем сол сәтте үйіне жетіп, көмек көрсетеді. Болашақта осы SOS батырмасына GPS бағдарламасын енгізбекші. Жедел жәрдем де GPS арқылы науқастың қайда екенін көріп, көшеде болса да, тез көмек көрсете алады.

«Алтын кездік қап түбінде жатпайды». Соңғы үш жылда дертке дауа іздеген 120 мың адам дәрігердің қабылдауына онлайн жазылған. Сайып келгенде, облыста кешенді медициналық ақпараттық жүйе жаппай енгізіліп жатыр. Ендігі мақсат – қағазбастылықтан арылып, келер жылдың басынан толық электронды медицинаға көшу. 

Авторлары: Жасын Біркенов және Н.Базаров

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top