USD 329.97 EUR 388.07 РУБ 5.6

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Жаңаөзен қаласы балабақшамен 100 пайыз қамтылған

  • 99
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Жаңаөзен қаласы балабақшамен 100 пайыз қамтылған

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының бүлдіршіндері балабақшамен 100 пайыз қамтылған.

Қазір бақша кезегінде тұрған бірде-бір бала жоқ. Шаһар мектептеріндегі 3 ауысыммен оқу мәселесі де түбегейлі шешілген. Халықты қажетті білім беру нысандарымен қамтуға мұнайлы өлкенің кәсіпкерлері де белсенді үлес қосып келеді. Алдағы айда заман талабына сай салынған үш бірдей жекеменшік балабақша пайдалануға берілмек.

Жаңаөзенде алғаш рет жекеменшік мектеп-бақша ашылды. Жергілікті кәсіпкер Исенбай Қалдамановтың қаржысына салынған білім ордасына 150 бала қабылданды. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгеріп, терең білім алуда.

Нұрсұлу Жарылғапова, зияткерлік мектеп-бақша директорының орынбасары:

– Бұл мектептің ерекшелігі – біз стандарт бойынша бірінші кезеңде оқушыларға білім береміз. Содан кейін екінші кезеңде балалар үйірме жұмыстарымен айналысады. Тоғызқұмалақ үйірмесі, домбыра үйірмесі, би үйірмесімен жұмыс жасайды. Екінші кезеңде балалар осындай жұмыстармен шұғылданады. Және басқа мектептерден ерекшелігі осы жерде үй тапсырмаларын орындап, балалар оқу құралы, сөмкесі барлығы мектепте қалады.

Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Исенбай Қалдаманов 2008 жылы педагогика және салалық технология колледжін ашады. Кәсіпкер араға 5 жыл салып, 100 бүлдіршінге арнап, балабақша тұрғызды. Енді міне қаладағы алғашқы жекеменшік мектепті балалар игілігіне беріп отыр. Білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Исенбай Қалдаманов өзі ашқан оқу ошақтарында «Рухани жаңғыру» бағытына басымдық беруде.

Исенбай Қалдаманов, жеке кәсіпкер:

– Енді біз 2018 жылдың қаңтар айынан бастап өзіміздің шәкірттерімізге латын графикасын үйретуге кіріскелі жатырмыз. Қосымша қаржы көзін қарастыру, ұстаздарды оқытатын мұғалімдерді алу бүгінгі күнде ең басты жобалардың бірі болып тұр.

Исенбай Қалдаманов сынды азаматтардың арқасында Жаңаөзенде балабақша тапшылығы шешіле бастаған. Биыл оншақты жекеменшік бақша ашылып, қаладағы балалар 100 пайыз бөбекжаймен қамтылды. Шаһардағы 48 бақшаның басым бөлігін жеке кәсіпкерлер салып берген.

Сәнім Танаева, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

– Жыл аяғына дейін 3 балабақша іске қосылады. Осы қараша, желтоқсан айларында өз жұмыстарын аяқтайды. 150 орындық, біреуі 75 орындық, біреуі 100 орындық. Сондықтан бізде балабақшаға қабылдауға ешқандай проблема жоқ, кезекте тұрмайды, проблемалық мәселелер шешілген. Және балабақшалар ашылғаннан кейін жұмыссыздық орталығынан қызметкерлер алып, жұмыспен қамту мәселесі де шешілейін деп отыр.

Мұнайшылар қаласында үш ауысымда оқу мәселесі де шешілген. Қазір әрқайсысы 900 орынға арналған 3 бірдей мектеп құрылысы жүріп жатыр. Заман талабына сай салынып жатқан білім ордалары келер жылы 5 жарым мың оқушыға есігін айқара ашпақ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top