USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Тараз маңындағы тұрғындардың шағымы шешімін табар емес

  • 97
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (1 Vote)
Тараз маңындағы тұрғындардың шағымы шешімін табар емес

«Кеш қарая ауданымыз қара түнекке батып, көшеге шығуға қорқамыз».

Тараздың шетінде орналасқан Ғазиз Лұқманов бұрылысының тұрғындары осындай шағыммен арнамызға хабарласты. Айтуларынша, жергілікті әкімдік бұл мәселені шешеміз деп уәде еткенімен, әзірге нәтиже жоқ. Жұртшылық әсіресе мектеп жасындағы балаларға алаңдаулы. Мектеп демекші, осы маңнан жаңа білім ошағын тұрғызу мәселесін де тұрғындар бірнеше жылдан бері көтеріп келеді.

Бұл ауданда Лукманов көшесіне қарасты 4 бұрылыс бар. 160-қа жуық отбасы тұрады. Алдыңғы жылдары «Хабар» агенттігінің араласуымен қалалық әкімдік мұнда жолдарды жаңалап, қоғамдық көлік жүрісін реттеген еді. Ал көшелерді жарықтандыру жайы биылға қалдырылған болатын.

Виктор Баранов, Ғ.Лукманов көшесінің тұрғыны:

- Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында көшеге жарық қойып береміз деп уәде еткен. Содан күтіп-күтіп шаршадық. Бізге шетте тұрған аудан деп көп көңіл бөлмейді, дегенмен біз қалаға қараймыз ғой.           

Айтқандарын орындамайтын әкімдіктегілерге ашынған жұртшылық енді не істерін білмей отыр. Бұл маңда мектеп те жоқ, балалар 3-4 шақырым жердегі білім ошақтарына қатынап оқуға мәжбүр. «Әсіресе қыстыгүні ұл-қыздарымыз үйге келгенше, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз», – дейді тұрғындар. 

Қибаш Бұлтанова, Шалғай Қарасу ауданының тұрғыны: 

- Балалар оқуға таң атпай 05:00-де кетеді, кешкілері сағат 20:00-де келеді үйімізге, әкімге де шағымданып барып жатырмын, басқаға да барып жатырмын, бармаған жеріміз жоқ. 

Тұрғындар шағымы бойынша Тараз қалалық әкімдігіне сауал жолдадық. Олардың айтуларынша, шалғай аудандағы мектеп құрылысы қаралып жатқан көрінеді.

Руслан Жарқынбеков, Тараз қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Шалғай Қарасу тұрғын үй алқабында 600 орындық мектеп қарастырылған. Аталған мектепке жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша бюджеттік өтінім экономика бөліміне қаржы бөлуге ұсынылған. Қаржы бөлінген соң, жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Аталған жұмыстар бақылауға алынып, жұмыстар жүргізілуде.

Ал көше жарығы мәселесі биыл шешілмейді. Аталған көше жарықтандыру жоспарына кірмеген. Сондықтан тұрғындарға шыдай тұрудан басқа амал қалмай отыр. 

Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан, Руслан Ахаттіллә

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top