USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Маңғыстау облысында Тұңғыш Президент күнінде әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді

  • 613
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Маңғыстау облысында Тұңғыш Президент күнінде әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді

Елмен бірге тұңғыш Президент күнін тойлап жатқан маңғыстаулықтар бұл мерекеде әлеуметтік маңызға ие бірнеше кешенді қолданысқа берді. Жаңа ғимараттар Маңғыстау ауданында орналасқан. Шетпе ауылында дәмхана, техникалық қызмет көрсету орталығы, жылыжай және 50 орындық балабақша ашылды. Кәсіп иелері «Бастау бизнес» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көрген ауыл тұрғындары.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе тұрғындары ұлық мерекені толымды табыстармен атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ақтаудан шалғай ауыл азаматтары төрт түлік өрістетіп, кәсіп ашып, тасын өрге домалап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін қолжетімді несиеге кәсіпорын, әлеуметтік нысандар салып, бизнес ашқан кәсіпкерлер кемінде үш адамды жұмыспен қамтып келеді. Сәйкесінше, ауылдың ажары артып, халқының тұрмысы жақсарған.

Тұңғыш Президент күніне орай бөбекжай ашып, халық ықыласына бөленген кәсіпкер Алтынгүл Қауқарова 14 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 50 орындық балабақша ғимаратын жаңғыртып, қажетті құрал-жабдығын сатып алуға 10 млн теңге несие алған. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде тәрбиеленушілер сурет салып, ағылшын тілін меңгеріп, ән-күй сабақтарына барып жүр. 

Алтынгүл Қауқарова, кәсіпкер:

- 20-ға жуық адамды жұмыссыздықпен күрес орталығынан алып жатырмыз. Жақсы білікті мамандарымыз да бар. Бұл жерде екі топ болады. Яслиде 3 жасқа дейінгі балалар, екінші тобымыз 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар қамтылады. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ауыл халқы енді қолдана бастаған кәсіптің бірі - жылыжай ашу. Тұңғыш Президент күніне орай ішкі нарықты қолжетімді бағадағы көкөніс, жеміс-жидекпен жыл он екі ай қамтуға қауқарлы кәсіпорындар қатары тағы бір кешенмен толықты.

Бизнесмен мақсатына жету үшін 6 млн теңге жұмсап, озық үлгідегі қондырғыларды туған жеріне жеткізген. Қазір мұнда қызанақ пен қияр өсіріліп жатыр. Жылыжайдан жылына екі рет 7,5 тоннадан өнім жиналып алынады. 

Нұрсұлтан Шамдығұл, жас кәсіпкер:

- Біздің отбасыда жылыжаймен айналысып көрген адам жоқ. Сондықтан интернеттен қарап, әркімнен сұрап, осы кәсіпті бастадық. Тамшылатып суару жүйесімен суарылады. Күніне орта есеппен 20 келі қияр, 20 келі қызанақ алынады. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Биылғы көктемнен бері жеке кәсіп ашуға баулитын бизнес сабақтарға Маңғыстау ауданынан 200-ден аса адам қатысқан. Нәтижесінде, 50-ге жуық ауыл тұрғыны бизнес ашып, табысқа кенеліп отыр. Қолданыстағы кәсібін дамытқан азаматтардың саны бұдан да көп. Келешек бұл көрсеткіш бірнеше еселеп өсеріне күмән жоқ!

 Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top