USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



БҚО-да қуатты құс фабрикасы іске қосылды

  • 168
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
БҚО-да қуатты құс фабрикасы іске қосылды

Кешегі күні іске қосылған жобаның бірі – Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Агро» ЖШС-ке қарасты құс фабрикасы.

Мұнда жылына 4 млн бройлер тауық өсіріліп, 7 мың тонна құс еті тұтынушыға ұсынылады. Осы арқылы облыстағы тауық етіне сұраныстың 70 пайызын қамту жоспарланған.

Зеленов ауданы Щапов ауылында салынған құс фабрикасының құны – 4,2 млрд теңге. Өндіріс орны соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Бұл жерде 45 грамдық балапан 42 күн ішінде екі килограмм етке айналып, сауда сөрелеріне жол тартады.

Кәсіпорында жұмыртқадан бастап дайын өнімге дейінгі өндірістің толық циклі іске асады. Яғни инкубатордан алынған 4 млн бройлер балапан өсіріледі, сойылады, тоңазытылады. Кешен құрамында келешекте құрама жем зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Сонда жем-шөп шығындарын айтарлықтай азайтуға болады.

Темірғали Ескендіров, кәсіпорын директоры:

Жылына 7 мың тонна таза табиғи өнімді Батыс Қазақстан нарығына шығаруға дайындалып отырмыз. Жалпы Батыс Қазақстан облысы 10 мың тоннадай тауық етін тұтынады.

Құс фабрикасында 180 адам жұмыспен қамтылған. Солардың бірі Райымбек Жасанғалиев. Аграрлық университетті биыл бітірген жас маман шетелде болып, құс өсірудің қыр-сырына қанығып келіпті.

Райымбек Жасанғалиев, Құс фабрикасының сою цехының қызметкері:

– Мен осы өндіріс орнында студенттік кезден бері бос уақытымда жұмыс істеп жүріп, осы салаға кірісіп, биыл Беларусь еліне барып, мамандығымды жетілдіріп, осы салада көптеген технологияны игеріп, осы жұмысқа кіргеніме қуаныштымын.

Батыс Қазақстан облысында биыл құс фабрикасынан бөлек индустрияландыру картасы аясында тағы 9 жоба жүзеге асты. Инвестицияның жалпы мөлшері 8 млрд теңгені құраса, 550 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылған.

Алтай Көлгінов, облыс әкімі:

– Алдымызға Елбасы қойған міндет – экспортқа бағытталған жобаларды ашу. Биылғы ашылған 10 жобаның 6-сы экспортқа бағытталған. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту біздің негізгі жоспарымыз болып табылады. Осы 8 ай ішінде біздің экспортымыз 10 пайызға өсті, еңбек өнімділігі 3 пайызға өсті.

Егер бұрын экспорттың елеулі бөлігін көмірсутегі шикізаты еншілесе, енді азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп тауарлары секілді өңірде өндірілген өнімдер де шетелге шыға бастаған. «Бұл индустрияландыру бағдарламасының жемісі», дейді мамандар. 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top