USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Сырбойылық кәсіпкер туған ауылының әлеуетін арттыруға 4 миллиард теңге жұмсаған

  • 367
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Сырбойылық кәсіпкер туған ауылының әлеуетін арттыруға 4 миллиард теңге жұмсаған

Отанға деген махаббат туған жерді аялаудан басталады.

Осы тәмсілді берік ұстанған Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ерәлиев ауылының әлеуетін арттыруға 4 миллиард теңге жұмсаған. Сырбойылық кәсіпкер 15 жылдан бері қарауына алған елді мекеннің барлық көшесін ретке келтіріп, инфрақұрылымын толық жеткізіп берді. Еңбектің шамын жаққан күрішшілер компаниясы бірнеше әлеуметтік нысанның бой көтеруіне мұрындық болды. Таяуда ауылдық округ әкімдігіне ғимарат салып берді.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау Кеңесбай ақсақалдың көз алдында. Ұжымшар тарап, ауылдықтар жұмыс іздеп жан-жаққа тарады. Қиын-қыстау кезеңде шаруашылық құрып, елді мекен тұрғындарын еңбекке жұмылдыра білген Абзал Ерәлиев бүгінде туған жерін адам танымастай түлетті.

Кеңесбек Баймаханов, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны:

– Осы Абзал сияқты азаматтар өзін ойламай, халықтың қамқорлығын ойлап, осы халықтың қамқорлығына, тіршіліктің бәріне осы үйіндей қарап отыр. Қазақстанда осындай азаматтар туа берсе, Қазақстан әлдеқашан көркейіп кетер еді. Жемқорлық жоқ бұл жерде, пара алу жоқ. Сондай жақсы жағдайда ынтымақтасып өмір сүріп жатқан жағдай бар.

Кеңес одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылды гүлдендіруге меценат жылына 100 млн теңгедей қаржы құяды. Мектеп, балабақша, мәдениет үйін жаңғыртып, спорт сарайын салдырды. Бірнеше өндіріс орны, сауда орталықтарын ашты. Мереке күндері енді жергілікті әкімдік ғимаратын пайдалануға беріп отыр.

Сағдат Нұрмағанбетов, Нағи Ілиясов ауылының әкімі:

– Ауыл инвесторы Абзал ағамыз қазіргі таңда 380 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде қажетті мамандарды жастарды Ресейде оқытып, агроном, механизатор мамандарды оқытып әкеліп жатыр. Ауыл жастары басқа ауылдарға қарағанда сыртқа қарай кетпей, қайта ауылға келіп, туған жерге жұмыс жасауда.

Самалдай жарқыраған көшелер, сәулетті мейрамхана және лондондық Биг-Бен көшірмесі бүгінде тұтас аймақтың мақтанып көрсетер мекеніне айналды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім» деп өзеуремей, қолдағы қаражатын өскен өңірін өркендетуге жұмсаған Абзал Ерәлиевтің ісі – отанды сүюдің жарқын көрінісі. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top