USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Астанадағы форумда цифрландырудың болашағы талқыға түсті

  • 92
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Астанадағы форумда цифрландырудың болашағы талқыға түсті

Цифрландыру шараларының нәтижесінде алдағы 7 жылда ел экономикасына 2 трлн теңгеден астам пайда келеді. Еңбек өнімділігі 15 пайызға артып, 300 мың жұмыс орны құрылады. Үкіметтің болжамы осындай. Астанада осы саланы дамытуға арналған алғашқы форум өтті. Оның аясында қызмет көрсету мамандары мен тұтынушылар бас қосып, цифрландырудың болашағы жайлы әңгіме өрбітті.

Қазір елімізде цифрландыруға көшу үдерісі белсенді жүріп жатыр. Үкімет жаңа технологиялар енгізілетін 10 саланы іріктеген. Осы бағытта көлік, логистика, агроөнеркәсіп және АйТи-технология секторларына басымдық берілді. Ал болашақта бұл жаңашылдықтың түсірер пайдасы орасан. Ең бастысы халық цифрландыру үдерісін тиімді пайдалануы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың бұл бағыттағы сауаттылығын арттыру қажеттілігін алға тартқан еді. Ол үшін насихаттау және цифрлық технологиялардың маңызын түсіндіру жұмыстарын тоқтатпау керек. Тек озық электронды жүйелерді енгізген ел ғана 30 дамыған мемлекеттің тізіміне ене алады.

Асқар Жұмағалиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Ең алдымен біз бүкіл халықты жоғары жылдамдықтағы ғаламтормен қамтамасыз етуіміз керек. Отандық операторлардың барлығы жұмылып, осы мақсатты орындауы тиіс. Екіншіден, электронды қызмет көрсетулерді жетілдіру қажет. Бұл бағыттағы жетістіктеріміз аз емес. Бірақ алар белестеріміз әлі алда. Қоғам тарапынан да ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Жаңа стартап жобаларды күтеміз. Оларды жүзеге асырамын дегендерде салықтық жеңілдіктер жасалады. 

Заманауи үдерісте жол тапқандардың бірі инноватор Ануар Садықов. Ол басқаратын компания тұтынушылар мен мемлекеттік органдар үшін ыңғайлы жаңа бағдарлама ойлап тапты. Бұл жүйе арқылы  елге әкелінетін тауарларды сату-сатып алу үдерісін онлайн түрде бақылауға болады. Бүгін инноватор «Виртуалды қойма» деп аталған жаңа жобасын Астанада өткен АЙоути форумында жұртқа таныстырды. Жүйенің арқасында бірыңғай сауда алаңын ашуға болады. Оның ішінде тауардың бағасы мен барлық қажетті ақпарат жинақталады. Нәтижесінде Үкімет үшін мемлекеттік сатып алуларды жүргізу едәуір жеңілдейді. 

Ануар Садықов, IoT-форумның қатысушысы:

- Қазір біз «Виртуалды қойма» бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Келер жылдың басында жүйе бизнес өкілдеріне қолжетімді болады. Кейін тұтынушылар да оған қосылып, өзінің жеке кабинеттерін аша алады. Электронды есеп фактураларды да осы жерден алуға мүмкіндік бар. Ел аумағына кіргізілген әрбір тауар жайлы ақпарат жүйеде тіркеледі. Бағдарлама тегін. Оны пайдалану үшін тек электронды цифрлы қолтаңба қажет.

Сандық технологияларды енгізу үшін білікті сарапшылар әзірлеу қажет. Қазір осы мақсатта отандық жоғарғы оқу орындары кәсіби мамандар дайындауға кіріскен. 2022 жылы олардың саны 115 мыңға жетуі тиіс. Ал алдағы екі жылда халықтың цифрлық сауаттылығын 83 пайызға дейін арттыру жоспары бар. Сонда Қазақстан ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту рейтінгінде 30 озық елдің қатарына кіруге мүмкіндік алады.  

Авторлары: Дариға Ташенова, Наурыз Базаров

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top