369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да ауыл мектептеріне 22 автобус тарту етілді

  • 297
  • UPD: 21:50, 17.12.2017

Шығыс Қазақстанда Тәуелсіздік күніне орай бірқатар әлеуметтік маңызды нысан пайдалануға берілді.

Өңірге ғана емес, ел үшін де айтулы жаңалық болған Өскемен әуежайында жаңа ұшып келу терминалы іске қосылды. Заманауи жоба құны 500 млн теңгеге жуық. Сондай-ақ өңірдегі шалғай ауылдардың мектептеріне жаңа автобустардың кілті тапсырылды.

Қытай, Ресей, Моңғолиядан Қазақстанға ұшып келетін жолаушылар алдымен Өскемен әуежайына аялдайды. Халықаралық әуежай жылына 300 мың жолаушыны қабылдауға қауқарлы. Ал заманауи ұшып келу терминалы сапардағы жандарға жайлылық сыйлары анық.

Болатбек Сақалбаев, мердігер:

– Соңғы үлгіде жасалған. Мысалы, бұрындары жолаушылар өз жүктерін тосып, көліктен алатын болса, қазір конвейер бар. Қауіпсіздігі өте жақсы.

Енді мұнда күніне 200 жолаушыға дейін қызмет көрсетіледі. Жаңғыртылған әуежайда бағыттар да көбейген. Дәл осындай жаңашылдықтар Семей әуежайына да енгізіледі.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

– Алдағы жылдары біз жаңа авиамаршрут ашамыз. Мысалы, ол Семей-Алакөл, Өскемен-Алакөл бағытында болады. Үржардан Алматыға, Астанаға ұшамыз. Біз халыққа дұрыс жағдай жасауымыз керек.

Өңір оқушылары үшін де жақсы жаңалық бар. Тәуелсіздік күнінде аймақтың шалғай орналасқан ауыл мектептеріне 22 автобус тарту етілді. Семейде шығарылған заманауи жолаушылар көлігі көпшілік қуанышын еселеді.

Берік Омаров, Шар қаласындағы орта мектептің директоры:

– Сарыарқа ауылынан Шар қаласына балалар тасымалына пайдаланамыз. Мереке құтты болсын!

Соңғы жылдары шалғайдағы ауыл мектептеріне 200-ге жуық автобус сыйланған. Бұл балалардың оқуға қатынасын жеңілдетуге бағытталған игі іс болатын.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы