USD 346,51

EUR 401,20

РУБ 5.48

Ақмола облысында мереке күндері 300-ге жуық отбасы баспаналы болды

Ақмола облысында мереке күндері 300-ге жуық отбасы баспаналы болды

Ақмола облысының Кенесары ауылында көптен күткен фельдшерлік-акушерлік қосын ашылды. Елді мекендегі медициналық мекеме бұрын тар әрі ескі ғимаратта болған еді. Ал Бұланды ауданының орталығында 18 отбасы баспаналы болды. Жалпы мереке күндері аймақта ұзын саны 300-ге жуық отбасыға пәтер кілті табыс етілді.

Макинск қаласында соңғы 20 жылға жуық уақыт тұрғын үй құрылысы тоқтап қалған болатын. Кезекте тұрған адамдардың саны 500-ден асып кеткен еді. Енді, міне, сол кезек біртіндеп сейіле бастады. 26 жасар Виктория, бұл күнді 13 жыл бойы күтіпті. Бала кезінен жетім қалған бойжеткеннің қуанышы қазір қойнына сыймай жүр. Айта кетейік, баспаналар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы әлеуметтік топтағы отбасыларға берілді.

Виктория Масляникова, Макинск қаласының тұрғыны:

- Міне бүгін 2 бөлмелі пәтер алдым. Үш балам бар. Күн суық болған соң, оларды ертіп келген жоқпын. Жақсылап орналасып алған соң әкелеміз. Балалар да жаңа үйді көріп, қатты қуанатын шығар.

Кенесары ауылындағы фельдшерлік-акушерлік қосын да жергілікті тұрғындардың көптен күткен арманы. Елдімекенде 2 мыңнан астам халық тұрады. Нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жаңа медициналық мекемеде бастапқы ем-дом жасауға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Күндізгі стационар да бар.

Төлеген Алдабергенұлы, Кенесары ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы больниц өзі тар, өзі ешкім ішіне сыймайтын. Өзі кабинеттері кішкентай. Қалаға жібергенде өте қиын болып жүрді бізге. Осы бәріміз «больниц» деп зарлап, қаншама жыл арманымыз жаңа больница еді. Міне, Құдайға шүкір.

Алма Құрмашева, аудандық емхананың бас дәрігері:

- Бұл амбулаторияға тағы 2 ауыл қарайды. Баянбай және Брусиловка ауылдары. Медбикелер мен лаборанттар жеткілікті. Тек әзірге дәрігер болмай тұр. Бұрынғы дәрігер жарты жыл бұрын Астанаға ауысып кеткен еді. Енді мынадай жаңа амбулаторияға дәрігер табу қиын болмайды деп ойлаймын. 

Сондай-ақ осы күні Бурабай ауданының орталығынан жаңа балабақша да ашылды. Аталған мектепке дейінгі мекеме жеке кәсіпкердің қаражатына салынған. Алайда, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасымен жұмыс істейді.

Әсия Қабықова, балабақша меңгерушісі:

- Бүгінде бізде 6 топ жұмыс істеп тұр. Бұл шамамен 130 бала. Алдағы уақытта тағы 4 топ ашып, бүлдіршіндердің қатарын 210-ға жеткіземіз. Ал болашаққа жоспарымыз – тағы да осындай балабақшалар салу. 

Жалпы Тәуелсіздік мерекесі күндері Ақмола облысында тағы да басқа қоғамдық-мәдени, әлеуметтік және ауылшаруашылығы нысандары іске қосылды. Аймақта ашылған тек өндіріс ошақтарының өзінің жобалық құны 1 млрд теңгеден асады. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 әлеуметтік желілерде