USD 326.28

EUR 398.12

РУБ 5.30

Астанада дүлей бораннан 39 тұрғын зардап шеккен

Астанада дүлей бораннан 39 тұрғын зардап шеккен

Астанада алай-дүлей бораннан 39 тұрғын зардап шекті.

Оның екеуі шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Біреуінің жағдайы әлі де өте ауыр. Бұл туралы Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Елуді еңсерген азаматтың бас сүйегіне зақым келіп, ес-түссіз жатыр екен. Боранның күшті болуына байланысты шаһардағы барлық медициналық мекемелер төтенше жағдай режимінде жұмыс істеді.

Қамалжан Надыров, Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ауруханаға ауыр халде түскен науқасқа операция жасалды. Оның бас сүйегі қатты зақымданған. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар жарақат алған екінші кісіні де емдеп жатырмыз. Оның да басы жараланған.

Астанада боранның салдарынан 26 тұрғын үй кешені мен 4 мектептің және 3 балабақшаның ғимаратына зақым келді. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетінің терезелері сынып, шатырының бір бөлігі ұшып кетті. Ал жергілікті полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оларға екі мыңнан астам тұрғыннан қоңырау түскен. Басым бөлігі жол ережелерінің бұзылуы мен жеке мүліктерінің бүлінгендігі туралы шағымданса керек. Сақшылар қар құрсауынан 70 көлікті шығарып, 17 адамды қауіпсіз жерге жеткізген.

Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Жеке тұрғын үйлерден ешқандай шағым түскен жоқ. Егер зардап шекккендер болса, жергілікті әкімдіктерге барып, хабар бере алады. Бұдан бөлек 16 аялдама бүлініп, 131 бағдаршам орнынан қозғалып кетті.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде