USD 327.92

EUR 398.12

РУБ 5.25

Елордада жаңа онкологиялық орталық пайда болады

Елордада жаңа онкологиялық орталық пайда болады

Үш жылдан кейін Астанада жаңа онкологиялық орталық пайда болады.

Ол Назарбаев Университеті жанынан ашылуы тиіс. Орталықта науқастарды емдеумен қатар қатерлі ісікке қатысты ғылыми зерттеу жұмыстарына да көп көңіл бөлінбек.

Онкологиялық аурулармен күрес жүргізу бойынша кешенді жоспар қабылдап, ғылыми орталық ашу керек. Елбасы халыққа Жолдауында адам капиталы мәселесін қозғай отырып, тиісті нұсқау берді. Осы ретте биыл Назарбаев Университеті жанында жұмыс істейтін жаңа онкологиялық орталықтың құрылысы басталу керек. Бұл мақсаттағы жұмыстар 3 жылға созылады деп жоспарланып отыр.

Массимо Пиньятелли, Назарбаев Университеті Медицина мектебінің деканы:

Бұл америкалық үлгідегі жоба болмақ. Онда қатерлі ісікті емдеп, алдын алу бойынша жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ онкологиялық орталықта ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше мән берілетін болады. Бұл да аса маңызды.

Онкологиялық орталық жобасына Назарбаев Университетінің медицина мектебі де қатысады. Елбасы Жолдауында оқу орнының бірегейлігін тілге тиек етті. Оның жұмыс істеп тұрғанына көп болған жоқ. 2015 жылы ғана ашылды. Соған қарамастан, бүгінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетті. Мәселен, 3 жыл бұрын бір ғана бағдарлама еді. Бүгінде оқыту 4 бағдарлама бойынша жүргізіледі. Ал ашылған сәтте небәрі 20 студент болса, бүгінде олардың саны 200-ден асып жығылады.

Әйгерім Бекенова, Назарбаев Университеті Медицина мектебінің студенті:

– Осында біз шетелге шықпай, батыс үлгісінде білім алуға мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар шетелге барсақ, мектепті бітірген соң басқа дәрігерлермен бір дейгейде жұмыс істей аламыз, сөйлесе аламыз. Өйткені біздің оқуымыз ағылшынша.

Медицина мектебінің студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмылдырылған. Бұл ретте оларға біріктірілген университет клиникасының көп көмегі тиіп жатыр. Студенттер оқу орнында алған білімін осы ауруханада тәжірибе жүзінде жетілдіреді. Елбасы Жолдауында айтқандай, мұндай тәжірибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таралуы тиіс.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Ермек Кеншібек

Хабар 24 әлеуметтік желілерде