USD 326.28

EUR 398.12

РУБ 5.30

Шымкентте оңалту орталықтары ашылды

Шымкентте оңалту орталықтары ашылды

Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында үздік денсаулық сақтау ісі дені сау ұлттың игілігі үшін екендігін баса айтқан болатын.

Бұл адами капитал жаңғыруының да негізі болып саналады. Осыған орай Шымкентте неврологиялық аурулармен ауыратын балаларға арналған қос бірдей оңалту орталығы ашылды. Мұнда 1 жастан 3 жасқа дейін және 3 жастан 14 жасқа дейінгі науқас жасөспірімдер ем қабылдайды.

Рабиға Ұтжанованың ұлы Нұрдаулет жарық дүниеге өздігінен қозғала алмай келген. Салмағы да жасына сай емес. Ұлының денсаулығына алаңдаған ана оңалту орталығы ашылған күннен осында. Мұнда білікті дәрігерлер мен психологтар науқас балаға көмек қолын созуда. Қарым-қабілетті жетілдіретін ойын түрлері арқылы сәби қазір аяғын ақырындап нық басып келеді.

Рабиға Ұтжанова, қала тұрғыны:

- Нәтиже болып жатыр. Баламыз әрекет етіп жатқанына, жазылып жатқанына қуаныштымыз.

Бұл орталық 1-3 жас аралығындағы балаларға арналған. Мұнда 100 төсек орын бар. Церебральді сал ауруы диагнозымен есепте тұратын 2500 науқас жан осында ем қабылдайды. Айта кетейік, мұндай оңалту оралығы республикада тұңғыш рет Шымшаһарда ашылып отыр. Медициналық құрал-жабдықтар шетелден әкелінген. Германиядан халықаралық деңгейдегі мамандар да шақыртылған. Олар тірек-қимыл қозғалысты қалыпқа келтіру бойынша дәріс өткізбек.

Мұқан Егізбаев, облыстық денсауылқ сақтау басқармасының басшысы:

- Бұрындары Алматы, Астанаға баруға портал күтіп, ұзақ уақыт жатып қалатын. Ол науқастардың наразылығын тудыратын еді. Қазіргі екі орталықты ашқаннан кейін, олардың жағдайы жақсарады деген ойдамын. Ата-анасымен жатқызу мәселесін көтеріп жатырмыз. Баласы жалғыз жатса, ол бір бөлек. Анасымен жатса бір бөлек. Әрі ата-анасы үйіне барғанда баланы қалай күту керек? Соны осы жерде үйренуі керек.

Ал 3 жастан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер ем қабылдайдын орталыққа құлтемір арқылы басқарылатын Локостаион аппараты алыныпты. Бұл қондырғымен жасалған жаттығу барлық бұлшық еттер мен ми қыртысының қимыл аймақтарына әсер етеді. «Бұл әрі науқастың тез оңалуына жағдай жасайды», – дейді дәрігер мамандар. 

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде