USD 324.93 EUR 401.65 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Соңғы 3 айда жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 200 мыңнан асқан

  • 124
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Соңғы 3 айда жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 200 мыңнан асқан HeaClub.ru

Қоғамдық орындарда жұқпалы вирустардың таралуын шектеу үшін қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Апта басында Денсаулық сақтау министрлігі қаңтар айының екінші жартысы мен ақпан айында тұмаудың өрши түсетінін хабарлаған болатын. Соңғы 3 айда жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 200 мыңнан асқан. Мамандар тұмауға шалдыққан жағдайда, міндетті түрде дәрігерге қаралуды қатаң ескертеді. 

Айгүл Ізбасардың тұмауға шалдыққанына екі апта болыпты.  Алғашқыда үйінде, өз білгені бойынша емделіп көрген. Алайда еш нәтиже шықпапты. Ауруын асқындырып алудан қорыққан ол ақыры ақхалаттылардың көмегіне жүгінген. 

Айгүл Ізбасар, науқас:

- Дәрігерлер оқыған, білікті болған соң, олар барлығын біледі. Қай жерде, қандай дәрі-дәрмек ішу керек екенін, қай уақытта ішу керек екенін біледі.

2017 жылдың 1 қазанынан бастап 200 мыңнан астам адам жедел респираторлық-вирустық инфекция жұқтырыпты. Оның 40-қа жуығы тұмауға шалдыққан. Дәрігерлердің айтуынша, бұл – маусымдық құбылыс. Яғни жылдың дәл осы мезгілінде күннің суытуына байланысты сырқаттанатындар саны күрт өседі. Мамандар ескертеді:  дертке душар болған жағдайда, бірден дәрігер көмегіне жүгіну керек. Ал аурудың алдын алу үшін күнделікті тұрмыста қарапайым ережелерді естен шығармау қажет.

Сәния Қасенова, №1 қалалық ауруханасы қабылдау бөлімшесінің дәрігері:

- Спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстану қажет. Сондай-ақ дұрыс тамақтанып, таза ауада көбірек жүру керек. Эпидемия кезінде адам көп жиналатын орындарға бармаған жөн.

Қаңтар айы басталысымен медицина мамандарының жұмысы қыза түседі. Биыл да министрліктегілер 1 желтоқсаннан бастап елдегі жағдайды жіті назарда ұстап отыр. Вирус түрлері, олардың таралу деңгейі, оны жұқтырған адамдар саны – барлығы  бақылауда. Білім беру мекемелері мен балабақшаларда және басқа да адам көп жиналатын қоғамдық орындарда сақтық шаралары күшейтілді. Сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмек қоры жасақталды.   

Мейірім Сұлтанова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы:

- Медициналық мекемелерде вирусқа қарсы препараттар қоры болуы, дезинфекциялық препараттардың қоры болуы да міндетті түрде бақылауға алынады.

Жауапты министрліктің мәліметі бойынша, тұмаудың алдын алу үшін 2 миллион тұрғынға екпе салыныпты. Ал оқушыларға тағы 200 мың вакцина қарастырылған. Олар еліміздің бар аймағындағы мектептерге жіберілетін болады.  

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Өмірбек Ізімов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top