Кадам Шах Шахим: Қазақстан Ауғанстан мәселесін шешу үшін тағы бір үлкен қадам жасады - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,39

EUR 409,95

РУБ 5.43

Кадам Шах Шахим: Қазақстан Ауғанстан мәселесін шешу үшін тағы бір үлкен қадам жасады

Кадам Шах Шахим: Қазақстан Ауғанстан мәселесін шешу үшін тағы бір үлкен қадам жасады

Қазақстан Ауғанстан мәселесін шешу үшін тағы бір үлкен қадам жасады.

Осы елдің Қазақстандағы елшісі Кадам Шах Шахим біздің арнаға берген сұхбатында осылай деп айтты. Ауған мемлекетінде тұрақтылық орнату сұрағы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуінде де, қазақ елінің Біріккен Ұлттан Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы барысында да көтерілді.

Қазақстан ауған ағайын үшін ашыққанда нәр, талғанда әл бола білді. 2002 жылдан бері бұл мемлекетке гуманитарлық жүк жөнелтіп жүрміз. Бұл бір. Бамиан провинциясында аурухана, ал Самаганда мектеп салу үшін, сондай-ақ Талукан-Кундуз-Ширхан-Бандар тасжолын жөндеуге қаражат бөлдік. Айбак қаласында 4 көпірдің құрылысына 1,5 млн доллар салдық. Ал 2016 жылы ауған ұлттық армиясын қолдап, 2 млн АҚШ долларын аудардық. Бұл екі. Үшіншіден, ауған жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыта бастадық.

«Қазақстан Ауғанстанға жан-жақты көмек берді. Біз көлемі жағынан Орталық Азияда теңдесі жоқ, ауған азаматтарын Қазақстан жоғары оқу орындарында оқытуға арналған құны 50 миллион долларлық білім беру бағдарламасын бастадық. Соған сәйкес, 2010–2018 жылдар аралығында Қазақстанда мыңдаған ауған студентін оқыту жоспарланды. Ауған жастарына сапалы білім алуға мүмкіндік бере отырып, біз осы елдің еңсе көтеру үдерісіне ғана емес, экстремизм мен терроризм идеологиясының тарауын қысқартуға да маңызды үлес қостық».

Қазақстанның осы айда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі төңіректегі тұрақсыз жағдайды реттеуге мол мүмкіндіктер ашты. Жақында іргелі органның жетекшісі Қайрат Омаров бастаған делегация Ауғанстанға барып, ондағы бүгінгі ахуалмен етене танысты. Бұл соңғы 7 жылда Кеңес мүшелерінің Кабулға жасаған алғашқы сапары.

Кадам Шах Шахим, Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауғанстанда тұрақтылық орнатуға, саяси тартысты, қарулы қақтығысты бейбіт жолмен әрі даналықпен шешуге әрекет етіп жүргеніне алғысымды айтамын. Осы аптада Қазақстан Президенті Ауғанстан мәселесін Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесуінде де көтерді. Ал Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанның бастамасымен соңғы 7 жылда алғаш рет біздің елдің ахуалымен танысу үшін Кабулге сапар жасады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және бар. Осы кезде Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешу және оны экономикалық жағынан түлету процесіне кеңірек қатысу үшін бүкіл әлемге жол аштық.

«Осы елді қалпына келтіру мәселесінде халықаралық күш-жігерді арттыру қажет. Біріккен Ұлттар Ұйымы, НАТО сияқты халықаралық ұйымдар Ауғанстанда көп жылдардан бері әрекет етіп келеді. Еуро Одақты да, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын да қоса отырып, барлық ойыншының күшін біріктіруге болады».

Қазақстан бітімгердің де жүгін өгіздей өрге сүйреп жүр. Күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысып, жаппай қырып-жою қаруын таратпау тақырыбын жан-жақты қаузады. Ауғанстан да Елбасының осында айтқан бастамаларын қолдап отыр.

Кадам Шах Шахим, Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жариялаған мәлімдемесінің мән-мағынасы зор. Президенттің жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі бастамалары біздің өңір үшін ғана емес, күллі әлем үшін маңызды. Бұл түйіткілдің кілтін табу үшін Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар. Қазақ елінің бастамалары халықаралық қауымдастық тарапынан ылғи да қолдау тауып жатады.

Қазақстан мен Ауғанстан тонның ішкі бауындай, бірге өскен бауырдай тығыз араласып отыр қазір. Бұрын біз ауған елін терроризмнен азат ету керек деген пайыммен жүрдік. Бүгін көзқарас басқа. Ауғанстан Қазақ елінің маңызды стратегиялық серіктесіне айналды.

Авторлары: Ж.Біркенов, А.Ақшабаев және Ж.Боранбаев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде