USD 327.20

EUR 388.00

РУБ 5.31

«Рухани жаңғыру»: 2017 жылы Сыр өңірінде 79 жоба жүзеге асты

«Рухани жаңғыру»: 2017 жылы Сыр өңірінде 79 жоба жүзеге асты

Оған демеушілер тарапынан 6 миллиард теңге қаржы құйылған.

Осылайша елді мекендерді абаттандырып, ізгі бастамалардың жүйелі жүзеге асуына мүмкіндік туды. Ал биыл бұл мақсатқа бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы 22 миллиард теңге тартылады. Ұлттық құндылықтарды өркениеттің берік діңгегіне айналдыруды мұрат еткен игі қадамдарға өңірде ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы ұйытқы болмақ.

Елбасы мақаласын арқау еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туған жерді түлету тұрғысында айрықша маңызға ие. Оның төрт басым бағыты бар. «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны». Осы төрт тағанды тұғыр етуде қолға алған ойлы бастамалар аз емес. Әуелгісі жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты. Кешенді шаралар келешекті кемел етер кіші буынға арналған.

Әлима Әбдіхалықова, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы:

- Аймақтың ерекшелігіне қарай, мысалы, біздің аймақта жастардың «Өлкетану» базалық бағыты бойынша қазір қолға алынып отқан жұмыстардың бірі – жас өлкетанушылардың, жас экологтардың, туризм, техника станцияларының жұмысын қайта жандандыру, техникалық шығармашылық деңгейі жоғары болуына, өзінің өлкесін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білуге бағытталған.

«100 жаңа есімге» енген тұлғалардың өмір жолы мен өнегелі ісін өскелең жасқа насихаттау шаралары да күн тәртібінен түспейді. Жақын күндері еліміздегі ең алғашқы «Киелі Қазақстан және археология» залы Қызылордада ашылмақ. Жаңғыруға бастайтын жаңа ұйымның жаңадан салынып жатқан ғимараты да ұлт тарихымен үндестік тапқан.

Нұрлыбек Мыңжас, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры:

- Бұл құрылыстың символикалық мәні ерекше деп ойлаймын. Алаш зиялылары осы Қызылордада, сол ғимараттың ішінде жұмыс істеген. Қазақ атауымызды, тарихи атауымызды алып берген 1925 жылы 13-18 сәуір аралығында өткен V съезд бар емес пе. Мінекей, сол съезд болған ғимарат қой. Ол жерде Жалау Мыңбаев орталық атқару комитетін басқарды, Сәкен Сейфуллин басқарды, Ахмет Байтұрсынов оқу-ағарту саласын басқарды. Сол азаматтардың отырған ғимаратын қайтадан қалпына келтіріп, жаңадан сол жағалауға салып жатыр.

Жалаң ұран емес, нақты істерді көздеген орталық биыл жүздеген қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Іскер азаматтарды туған жерді көркейтуге жұмылдырып, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, тарихи құнды мұраларды жарыққа шығару ісін де ілгері бастырады. Бұған жергілікті бюджеттен де қолдау бар. Қазынадан қаралған 600 миллион теңге осындай игі мақсаттарға бағытталып отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде