Риддердегі қос қабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,39

EUR 409,95

РУБ 5.43

Риддердегі қос қабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

Риддердегі қос қабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында қос қабатты тұрғын үй құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Жылу мен ыстық судан ажыратылған үйде қазір 12 отбасы тұрады. Біздің арнамызға көпбалалы ана Ирина Дергачева хабарласып, жауапты тұлғалардан мардымды жауап ала алмай отырғанын айтып шағымданды.

1946 жылы салынған бұл үйді қариялармен бірге бүлдіршіндер де паналайды. Баспана деген аты болмаса, іргетасы сөгілген үйде емін-еркін жүру мүмкін емес. Тұрғындар балаларының өміріне алаңдайды.

Маржан Сейітқамзина, Риддер қаласының тұрғыны:

– Тұрғаныма бір-ақ жыл болды. Соның өзінде қыстыгүні суық та болды. Жылу құбыры жарылып қалды. Подъездің барлығы сынған. Жөнге келітіріліп қойғанымен, енді тұратын үйге ұқсамайды.

Көпбалалы ана Ирина Дергачеваның лайықты баспана таба алмай жүргеніне бірер жылдың жүзі болған. Әкімдік ұсынған уақытша үйдің күйі мынау: қабырғалары қаңырап, терезеден суық соғып тұр. Бөлмелерді жылыту үшін электр құралдарын пайдаланады. Есесіне қарызы шаш етектен. Жылу мен ыстық суға ақша төлемегені үшін одан да қағылып отыр.

Пәтер иесі шағымын айтып, талай есікті қақты. Әзірге нәтижесіз. «Жиналған қағаздардан үй салуға болады», – деп күледі өзі. Көпбалалы ана ретінде кезекте тұрса да, баспана бұйырар емес.

Ирина Дергачева, көпбалалы ана:

– Міне жауапты адамдарға апарып берген қағаздарым. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне, әкімдікке, прокуратураға жазған шағымдарым осы. Бүгінге дейін құжаттарды көшіру үшін 50 мың теңге кеткен шығар. Мына үйде тұруға қорқамыз, балаларым үшін уайымдаймын.

Тұрғын үйде 12 отбасы тұрады. Барлығы да тесігін жамап, тіршілік қамын жасап жүр. Теміржолдың бойында тұрған үй үшін мұндай амалдар нәтиже бермейтін сияқты. Мұны тәуелсіз сарапшылар да растап отыр.

Александр Хапин, тәуелсіз сарапшы:

– 2005 жылдан бері Шығыс Қазақстанда сейсмикалық қауіп деңгейі 7 балға жеткен. Риддерде де жағдай осы. Демек жер сілкінісі болса, бұл үй құлайтыны анық. Апаттың алдында тұр.

Мәселеден жергілікті билік те хабардар. Қазір арнайы комиссия құрылып, үйдің жайын сараламақ.

Қуат Мұхамедшинов, Риддер қалалық ТКШ бөлімінің басшысы:

– Үй апатты деп танылса, ол кезде сол үйдің тұрғындарын бірінші кезекке қоямыз. Үй салынса не босаса, сол тұрғындарға берілетін болады.

Моноқалада 1500 адам пәтер кезегінде тұр. Биыл екі 60 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілмек. Демек үй апатты деп танылған жағдайда да тұрғындарға баспана бұйыруы неғайбыл.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде