USD 319.65

EUR 392.60

РУБ 5.63

Республикалық және жергілікті маңызға ие жолдардың сапасы сын көтермейді

Республикалық және жергілікті маңызға ие жолдардың сапасы сын көтермейді

Еліміздегі республикалық маңызға ие 15, ал жергілікті жолдардың 34 пайызы нашар.

Яғни сапасы мүлде сын көтермейді. Автожолдарды жөндеу және қайта салу мәселесі Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрініс тапты. Онда көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру негізгі міндеттердің бірі екені айтылған. Сондықтан осы мақсатқа бюджетте қарастырылған 90 миллиард теңгеден бөлек тағы 60 миллиард теңге бөлінеді.

Елімізде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзақтығы 23 900 шақырым болса, соның шамамен бестен бір бөлігіне қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал жергілікті маңызға ие, яғни елді мекендерді жалғайтын күре жолдардың 34 пайызы қара жермен араласып кетудің алдында тұр. Бұл дегеніңіз – 23 мың шақырым. Жөндеу көрмеген жолдың жыры Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да көрініс тапты. Онда осы мақсатқа қарастырылған 90 миллиард теңгеден бөлек тағы 60 милиард теңге бөлу жөнінде айтылған.

Сайранбек Бармақов ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

Оның 30 миллиарды республикалық бюджеттен, 30 миллиарды әкімшіліктерден бөлінеді. 150 миллиард теңгеге жеткізіп, жолдарымызды, жергілікті маңызы бар жолдарды, 4 мың километрден астам жолды жоспарлап отырмыз.

Осылайша жауапты министрлік өкілдері жыл сайын нашар жолдың 1,5-2 пайызын қысқартып отырамыз дейді. Нұрсұлтан Назарбаев жолдауда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың маңызын көрсетіп берді. Қазақстанның транзиттік әлеуеті белгілі. Азиядан  Еуропаға керек жүкті Қазақстан арқылы 12-15 күннің аралығында жеткізуге болады. Бұл өзге бағыттарға қарағанда әлдеқайда тиімді. Сондықтан Елбасы транзиттен түсетін табысты 2020 жылы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізуді тапсырды. «Соңғы жылдары аталған саладағы дамуды ескерсек, бұл межені де бағынырамыз»дейді мамандар.

Дастан Рамазанов ҚР ИДМ басқарма басшысы:

2017 жылы транзиттен түскен табыс 350 миллиард теңгенің шамасында болды. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 150 миллиард теңгенің көлемінде еді. Қазақстандағы инфрақұрылымның даму қарқыны жақсы. Сондықтан Президент жүктеген міндетті орындаймыз деп сенеміз.

Ел аумағындағы жүк қозғалысын онлайн режимде бақылап, кедергісіз тасымалдау үшін бірнеше жүйе енгізілмек. Соның бірі – интеллектуалды көлік жүйесі. Аталған жүйенің мақсаты – тас жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көлік ағынын тиімді басқару. Жоба жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылады. Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жүйені енгізу бойынша кешенді шаралар басталып кетті.

Әсет Асаубаев ҚР ИДМ Көлік комитетінің төрағасы:

– Біздің көздеп отырған болашақтағы интеллектуалды жүйе – қалаларды да, республикалық жолдарды да барлығын біріктіріп, ол ақпаратты өңдеп, тиісті шешім қабылдау үшін мүмкіншілік беретін жүйе.

Интеллектуалды көлік жүйесі 2020 жылға дейін толық әзірленіп болуы тиіс. Жауапты мамандар болса, дайын жобаларды уақыт оздырмай жыл сайын тапсырамыз дейді.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде