USD 327.42

EUR 383.90

РУБ 5.31

ОҚО-да тасқын судың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр

  • 348
ОҚО-да тасқын судың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысында қызыл судан келер қауіп жоқ.

Бұл туралы өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті мен су қоймаларына жауапты «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің мамандары мәлімдеді. Ал Жамбыл облысында көктемгі су тасқынының алдын алу барысында өңірдегі өзендердің жағалаулары күшейтілген. Су қоймаларына бақылау артқан. «Себебі Талас өзенінен төнер қауіп бар», – дейді төтеншеліктер.

Ауа райы кешеден бері нөсерлі болып тұр. Апат айтып келмейді, әрине. Сақтанған да абзал. Осыны ескерген қала әкімдігінің жауапты сала мамандары таң сәріден төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп техникаларды түгендеп шықты. Қазіргі таңда қаланың коммуналдық мекемелерінде 13 мотопомпа, 11 су сорғыш машинасы және 200-ге тарта жұмысшы су тасқыны бола қалған жағдайда жұмылдырылуға сақадай сай көрінеді. «Негізінен облыста биылғы жылы қызыл судан келер қауіп жоқ», – дейді мамандар. Өңірде 43 су қоймасы бар. Сырдария өзенінің өңірден ағып өтетін бөлігінде мұз қату байқалмаған. «Қауіпті жағдай орын алмаған. Шардара, Көксарай су қоймаларына келіп жатқан судың деңгейі де қалыпты мөлшерде», – дейді «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны оңтүстік филиалы су пайдалану бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асқар Қыстаубаев.

Ал көршілес Қызылорда облысы мол су қабылдауға дайындық үстінде. Өткен аптада өзен бөгеті 10 жерден жырылып, Сырдария ауданында жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдай әлі де сақтаулы. Қазіргі таңда бұзылған бөгет қалпына келтірілген. Ал өңір бойынша су басу аймағына жақын орналасқан 56 елді мекен анықталып отыр. Қызылорда су торабынан төменге секундына 320 текше\метр су жіберіліп жатыр. Сала мамандарының болжамынша, наурыздың басында мұз көбесі сөгіліп, сең жүре бастайды. Жамбыл облысына келсек, көктемгі су тасқынының алдын алуына бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін өңірдегі өзендердің жағалаулары күшейтіліп, су қоймаларының жағдайына қадағалау артқан. Жыл сайын Талас және Аса өзендері Тараз бен облыс орталығы маңындағы бірнеше аудан тұрғындарының мазасын қашырады. Тасыған су үйлердің ауласына кіріп, бау-бақшаны басып қалады. Сол себептен Таластың қос жағалауын 10 шақырымдай қашықтықта дұрыстап бекіту көзделіп отыр. Қазіргі таңда бұл іске қажетті қаражат бөлу мәселесі шешімін күтуде екен.

Авторы: Нұрбек Байбосын

Хабар 24 әлеуметтік желілерде