USD 335.94

EUR 389.

РУБ 5.38

Алматы облысында Сиверс алмасының гүлдеуіне арналған фестиваль өтті

Алматы облысында Сиверс алмасының гүлдеуіне арналған фестиваль өтті

Алматы облысының Сарқан ауданында Сиверс алмасының гүлдеуіне арналған фестиваль өтті.

Оған отандық ғалымдармен қатар Орталық Азия мен Еуропа елдерінен келген меймандар да қатысты. Сиверс жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы екені екі мыңыншы жылдары дәлелденген. Ендігі міндет – осы тұқымды сақтап көбейту.

Сиверс алмасы негізінен Іле мен Жоңғар Алатауының баурайында, Тянь-Шань және Тарбағатай тауының жоталарында өседі. Оның сонау бор кезеңінің өзінде болғандығы археологиялық қазба жұмыстары арқылы дәлелденген. Сиверстің осыдан 165 миллион жыл бұрын пайда болғанын және жер бетіндегі бүкіл алмалардың атасы Қазақстан жері екенін 2002 жылы британдық биолог-генетик Бэрри Джунипер анықтап берді.

Азат Қуатбаев, Сиверс алмасын сақтау халықаралық қорының директоры:

– Сиверс алмасын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің қорымыз бұл бағытта бірқатар стратегиялық жобаны жүзеге асырады. Өйткені алманың бұл тұқымын сақтап көбейтуге, биологиялық әралуандылықты қамтамасыз етуге халықаралық ұйымдар мүдделі болып отыр.

Жоңғар Алатауының баурайында Сиверс алмасының 40 шақты түрі кездеседі. Ол теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте өседі. Жұмақтық жеміске баланған алма тұқымы қазір жаппай гүлдеп жатыр. Сиверстің гүлдеуіне арналған фестиваль биыл алғаш рет ұйымдастырылғанымен, оны тамашалауға шетелдерден көптеген мейман келді.

Марен Шнека, эколог-ғалым (Германия):

– Мен Қазақстан мен Германияның бірлескен экологиялық жобасын жүзеге асыруға қатысып жатырмын. Елдеріңізге келгеніме екі ай болды. Жетісу жерінің әсем табиғатына тамсанбасқа шара жоқ. Осындай шаралар арқылы жақында тамаша зерттеулерге жол ашылады деп ойлаймын.

Экотуризм Алматы облысындағы туризм кластерін дамыту – жоспарының ең басым бағыттарының бірі. Қазір аймақта инфрақұрылымды жақсарту, көлік логистикасы мен қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған бірқатар жоба жүзеге асып жатыр.

Арқау Шантаев, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Талдықорған-Үшарал автожолының құрылысы басталайын деп жатыр. Үшарал-Достық жолы басталды. Сонымен қатар Шарын шатқалына жол жасалады, 11 шақырым. Туристердің еркін барып қайтуына ыңғайлы болады. Сонымен қатар Көлсай көлдеріне жол салынып жатыр.

Алакөл жағалауы мен Алматы облысындағы 4 ұлттық саябақтың аумағында биыл экотуризмді дамытуға бағытталған осындай 70-тен астам шара өтетін болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде