Астанадағы ауа райына байланысты ахуалды ТЖК мамандары назарда ұстап отыр - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Астанадағы ауа райына байланысты ахуалды ТЖК мамандары назарда ұстап отыр

Астанадағы ауа райына байланысты ахуалды ТЖК мамандары назарда ұстап отыр

Дүлей дауыл астаналықтардың дегбірін қашырып, бірнеше ғимарат пен көлікке зақым келді.

Тіпті құрылыс краны құлап, елдің үрейін ұшырды. Ал синоптиктер ертең Астана қаласы мен Павлодар облысында күшті жел соғады деп болжап отыр.  

Айналдырған бірнеше минуттың ішінде Астана іші адам танымастай өзгеріп кетті. Алдымен нөсерлетіп жаңбыр жауды. Ал жауын соңы алай-дүлей боранға ұласты. Осылайша табиғаттың тосын мінезі бас қала тұрғындарын әбден әбігерге салды. Бұл жағдайға елорданың кей нысандары дайын болмай шықты.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бүгін болған күшті дауылдың салдарынан елорданың бірқатар ғимараттары зақымданды. Сондай нысанның бірі сол жағалауда орналасқан Бейбітшілік және келісім сарайы. Абырой болғанда, дауыл кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Ал ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары дауыл біте салысымен басталып кетті. 

Нұрдәулет Шертім, Бейбітшілік және келісім сарайы бас директорының орынбасары:

- Қатты бір дыбыс шықты. Жер сілкінгендей. Біз түсінбей қалдық. Барлық ұжымды төменге түсіріп, сақтықта қорлық жоқ деп. Анығынан қарайтын болсаңыз, тек сыртындағы қаптағыштары ғана ұшып кеткен. Жөндеуге болады.

Бұл жердегі көріністер. Әлеуметтік желіні кезіп кеткен түрлі бейненің арасында ұшақтан түсірілген мынадай кадрлер де бар.

Дауыл салдарынан ондаған әуе рейсі кейінге шегерілді. Сондай-ақ 10-нан астам адам түрлі дәрежедегі жарақаттар алып, медициналық көмекке жүгінген. Синоптиктердің ертеңге арналған ауа райы болжамы да көңіл көншітпейді. Мамандар 23 мамыр күні де жауын-шашын тұрып, жел соғатынын айтады.

Лаура Сайлыбаева, Қазгидромет РМК инженер-синоптигі:

- Біз екпінді желді әлі де күтеміз. Бүгінгі күні дауылды ескерту берген болғанбыз. Себебі ертеңгі күні облыс бойынша көптеген жерлерде желдің күшейуін күтіп отырмыз.

Елорданың коммуналдық қызметкерлері дауылдың салдарын жоюмен айналысып жатыр. Жалпы қаладағы ахуалды төтенше жағдайлар мамандары назарда ұстап отыр. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Болатбек Табалдиев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде