USD 341.08

EUR 394.60

РУБ 5.34

Б.Сағынтаев Елбасы тапсырмасы бойынша Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді

  • 217
Б.Сағынтаев Елбасы тапсырмасы бойынша Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді.

Басты назарда – жақында Президент жария түрде қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылау.

Қостанайға келгеннен кейін Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған «Қостанай» жаңа спорттық-ойын-сауық кешеніне барды.

Кешен волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол секілді спорттық ойындар бойынша оқу-жаттығу сабақтарын және республикалық жарыстарды өткізуге, сондай-ақ мәдени–бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған.

Аралау барысында Премьер-Министрге Қостанай облысындағы МЖӘ жобаларының ағымдағы жағдайы туралы ақпарат берілді. Қазіргі таңда өңірде 65 МЖӘ жобасы іске асырылу және жоспарлау сатысында тұр, 20 жоба бойынша келісімшарттар жасалған, 39-ы – конкурс сатысында және 6 жоба бойынша құжаттама дайындалып жатыр.

Елімізде жалпы инвестициялар сомасы 782,6 млрд теңгеге 221 объект бойынша 215 МЖӘ келісімшарты жасалған. Барлығы жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын 994 жоба орындалудың түрлі сатыларында тұр.

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралау жоспарланған, мұнда ҚР Премьер-Министрі өңірде Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларының, «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ «Нұрлы Жер», Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, «Цифрлық Қазақстан», «Серпін» мемлекеттік және салалық бағдарламаларының іске асырылу қарқынымен танысады.

Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен, студент жастарымен, бизнес өкілдерімен және жұмыс активімен кездесу барысында өңірдегі өзекті тақырыптарға қатысты мәселелер талқыланады.

Облыс орталығында салынып жатқан жаңа индустриялық аймақ аумағында жоспарланған инвестициялық жобалармен танысу көзделген. Мұнда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының өңірде іске асырылу қарқыны қарастырылады. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан «Алтын Арман» жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы барысымен танысу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына бару да сапар бағдарламасында қарастырылған.

Сонымен қатар, Қостанайда облыс активімен және бизнес өкілдерімен кездесу барысында Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы Заң және Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру барысы талқыланады.

Рудный қаласында Б. Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының Жол картасын іске асыру аясында «Ақылды құс фабрикасы» пилоттық жобасымен танысады. Премьер-Министр сүт және сүт өнімдерін өндіретін агрокәсіпорынды аралау барысында өңірдің аграршыларымен кездесіп, олармен АӨК дамыту мәселелерін талқылайды.

«ССТБӨБ» АҚ Соколов кенішіне барған кезде Бақытжан Сағынтаевқа «Ақылды кеніш» жобасы таныстырылады, мұнда тау-кен көлік кешенін автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілуде. Кәсіпорынның оқыту орталығында Премьер-Министр өңірдің студент жастарымен кездеседі, онда жаңа экономикаға кадрлар даярлау, білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттердің үй-жай жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланады.

Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтқан еді.

Ақпарат көзі : primeminister.kz

Хабар 24 әлеуметтік желілерде