USD 340.27

EUR 396.40

РУБ 5.34

Германия жемқорлықпен күрес бойынша тәжірибесімен бөлісті

Германия жемқорлықпен күрес бойынша тәжірибесімен бөлісті

Қазақстан мен Германия сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша тәжірибе алмасып жүр.

Елшілігіміздің қолдауымен Берлинде осы тақырыпқа арналған конференция өтті. Қазақстандық делегацияны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев басқарып барған. Ол осы бағытта елімізде жүріп жатқан реформалар барысымен таныстырып, бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Германияда сыбайлас жемқорлық жоқтың қасы. Өйткені бұл елде параға жол берілмейді. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметкерлерге темірдей талап қойылған. Мәселен, қызметі үшін «сый-сияпат» алғандар түрмеге тоғытылады. 

Рюдигер Райфф, Берлин қаласы жемқорлықпен күрес бойынша орталық басқарманың бас прокуроры:

- Мемлекеттік қызметкерлер сыйлық ретінде не алуға болатынын жақсы біледі. Бұған қатысты ереже қатал. Мәселен, Берлинде заң бойынша құны 10 еуродан аспайтын сыйлық беруге рұқсат. Алушы тарап оны бастығына тапсырады. Онымен не істеу керегін басшылық шешеді. Ал заңды белшеден басқандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Берлинде өткен конференцияға қатысқан қазақстандық делегация қазақ еліндегі жемқорлықпен күресу жолдарын баяндады. Бұл тұрғыда ауқымды реформалар жүргізіліп, арнайы стратегия да қабылданған. 2001 жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 11 мыңға жуық адам сотталған.

Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Мұндай кезеңнен барлық ел өткен. Олар жоғары жалақы арқылы мемлекеттік сектордағы жемқорлықты түбегейлі жойды. Біздің елде де жалақы мөлшерін көтеруге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда төрт мемлекеттік орган қызметкерлерінің жалақысын 2-2,5 есеге өсірдік. Сәйкесінше, қазір мемлекеттік қызмет жаңа сипатқа ие болды деп айта аламын. Ең алдымен жоғары айлық аталмыш жұмысқа бедел сыйласа, екіншіден, қызметкерді экономикалық жағынан ынталандырады.

Алик Шпекбаев мемлекеттік сектордағы жемқорлық көрсеткішін азайтуға цифрлы технологияның әсер еткенін айтты. Қазақстанда көлікті есепке алудан бастап, жеке кәсіпкерлерді тіркеуге дейін автоматтандырылған. Бұл қағазбастылықтан арылып, жемқорлықты азайтуға сеп болды. Шетелдік сарапшылар да Қазақстандағы цифрлық реформаға жоғары баға берді.

Виржиния Куллудон, «YourPublicValue» үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры:

- Қазақ елі «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл – өте тиімді бағдарлама. Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа технологиялар мемлекет пен халық арасының жақындай түскенін білдіреді. Мен Қазақстанға бірнеше рет бардым, сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің реформаларының қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көрдім. Әрине, оның нәтижелері жайлы айтуға әлі ерте, дегенмен көптеген бағдарламалардың жүзеге асуы мен дамуын байқап жүрмін.

«Транспаренси Интернешнл» сынды халықаралық рейтинг агенттіктері  Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресте жетістікке жеткенін атап өтті. Бүгін қазақ елі 180 мемлекеттің ішінен 122-орында тұр. Ал 2016 жылмен салыстырғанда Қазақстан 9 орынға көтеріліп, Орталық Азия аймағында көш бастады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 әлеуметтік желілерде