USD 338.78

EUR 388.90

РУБ 5.38

Үкімет басшысы Қостанай облысының студенттерімен кездесті

  • 100
Үкімет басшысы Қостанай облысының студенттерімен кездесті primeminister.kz

Рудный қаласында Қостанай облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «ССТӨБ» АҚ оқу орталығында студент жастармен кездесу өткізді.

Негізгі талқыланған тақырыптар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», өз бизнесін ашу мүмкіндіктері, қазіргі заманмен үйлесім табу және еңбек нарығының өзгеруіне бейімделу болды.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында студенттерге теңдессіз қолдау көрсетілетіні атап өтілді. ЖОО-ларға түсу үшін қосымша 20 мың грант, оның ішінде 11 мыңы — техникалық мамандықтарға бөлінді. 

Сонымен қатар оқу кезінде студенттердің тұру жағдайларына ерекше көңіл бөлінді. Жаппай жатақханалар салу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың қосымша орынды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ипотеканың арзандауы жастарға зор мүмкіндіктер ашады.

Үкімет әлеуметтік бастамаларды іске асыру мақсатында Жол картасын қабылдады. Өңірлер оны іске асыруға кірісіп кетті. Бүгінгі таңда Қостанай облысында бес жатақхана салып, екеуін қайта жөндеу жоспарланып отыр, бұл 2700 студенттің тұру жағдайларын жақсартады. Бұдан өзге, жергілікті бюджет қаражаты есебінен педагогикалық және техникалық мамандықтар бойынша 34 грант ұсыну үшін 50 млн теңгеден астам сома бөлінген. Келесі оқу жылында 200 грантты беру көзделген, оның 100-і — медициналық мамандықтарға, 100-і — педагогикалық және техникалық мамандықтарға. Шағын несие беруді көбейту бойынша төртінші бастаманы іске асыру үшін биыл 4,2 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған, бұл өткен жылғы сомадан 31% артық. 400-ден астам несие берілетін болады.

Талқылау кезінде сонымен қатар Қазақстан Президенті өткен аптада Астана экономикалық форумында белгілеп берген қазіргі заманғы бес мегатрендке көңіл бөлінді. Оның негізгісі — жаһандық еңбек нарығының өзгеруі. Кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, қызметкерлердің біліктілік деңгейі маңызды болуда. Күйбең дене еңбегі жақында роботтармен 80% алмастырылуы мүмкін. Алдағы онжылдықта қазіргі мамандықтардың 10%-дан 50%-ына дейін жойылып кету қаупі бар.

Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша ЖОО-лар мен колледждер жергілікті өндірістер үшін жаңа мамандықтарды өз бетінше енгізе алады. Осы мақсаттарда қазір заңнамалық тұрғыда ЖОО-лар мен колледждердің академиялық еркіндігі кеңейтіліп жатыр. Осылайша, жергілікті өндірістердің инженерлік кадрларға, техникалық бағыттағы мамандықтарға сұранысы қанағаттандырылатын болады.

Қазақстанда цифрлық технологиялардың қалай дамып жатқандығы туралы әңгіме барысында Бақытжан Сағынтаев осы кездесуге арнайы алып келген АТ саласындағы елордалық жас сарапшылар айтып берді. Алғашқы тәжірибелерімен Мағжан Мәдиев («Астана хаб» халықаралық технопаркі»), Дагар Давлетов («Әдіс» бағдарламалық мектебі» ЖШС), Мирболат Құрмашев («МирусДеск» ЖШС), Асхат Аттапханов («Смарт Лаб» ЖШС) бөлісті.

Өңірдегі студент жастар атынан Президент бастамаларын қолдау үшін кездесуде сөз сөйледі: Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің 3 курс студенті Аягөз Дарханова — Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жатақханалар салу, «StartUp Bolashak» байқауындағы жеңісі туралы; Рудный индустриялық институтының 3 курс студенті Евгений Степанов — АТ-технологияларды оқу процесіне енгізу, «ССТБӨБ» АҚ-мен өзара әрекеттестік, техникалық мамандықтарға гранттар бөлу туралы; Рудный құрылыс және көлік колледжінің 2 курс студенті Дамир Әбдірахманов — «ССТБӨБ» АҚ-мен әлеуметтік әріптестік және қосарлы білім беру туралы.

Челябі мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Анжелика Пивовара «жасыл» және цифрлық технологиялар бойынша ғылыми әзірлемелер, жастардың Еуразиялық экономикалық форумына қатысуы туралы сөз сөйледі. Рудный индустриялық институтының 3 курс студенті Элнұр Бекен «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу және «ССТБӨБ» АҚ-на жұмысқа орналасу жоспары туралы айтты.

«ССТБӨБ» АҚ бизнесі тарапынан гранттар бөлу мен мемлекеттік бағдарламалар есебінен жастар кәсіпкерлігін қолдау туралы Рудный индустриялық институтының 2 курс студенті Павел Пустотин баяндады, ал Қостанай педагогикалық университетінің 2 курсының студенті Анастасия Крестова спорттағы жетістіктерімен бөлісті. РИИ 4 курс студенті Павел Ланчев АТ саласындағы жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігі туралы ойларымен бөлісті. Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің студенті Виктория Дорошко «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу үшін несие көлемін қайта қарастыруды ұсынды.

Кездесуде айтылған мәселелер бойынша облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова түсінік берді.

Жалпы, бұл кездесу Қостанай облысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру толыққанды жүргізіліп жатқанын, оны іске асыру механизмдері енгізіліп, өз нәтижелерін бере бастағанын көрсетті. Қостанайлық жастар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын белсене қолдайды және оны іске асыру үшін атсалысуға әзір, мұны студенттер өз сөздерінде бірнеше рет атап айтты.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 әлеуметтік желілерде