USD 340.27

EUR 396.40

РУБ 5.34

Ақмола облысында алғаш рет қымыз фестивалі өтті

Ақмола облысында алғаш рет қымыз фестивалі өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылған шара Бурабай баурайында, Қымызнай елді мекенінің іргесіндегі Жайлау этноауылында ұйымдастырылды.

 Шараға келген қонақтарға уыз қымыз, бал қымыз, тай, дөнен және бесті секілді қымыздың бірнеше түрі ұсынылды. Фестиваль қатысушысы Гүлсара Хабдина, әсіресе, қазы қосылған қымызға халықтың қызығушылығы өте күшті екендігін айтады. Қымыз баптаудан 30 жылдық тәжірибесі маманның айтуынша, айналасы бір-екі сағаттың ішінде 100 литрден астам ұлттық сусын сатылып кеткен. 

Гүлсара Хабдина, Қымызнай ауылының тұрғыны:

- Мен 1988 жылы Қымызнай ауылына келін болып түстім. 1989 жылы шешем бие сауды. Содан мен ол кісіден үйреніп, содан кейін шелегін әкеттім. Содан бері қымызға басшы болдық. Әзірге келіндерім жоқ. Қыздарыма үйретемін.

Қымыз фестивалінен бөлек, мұнда көпшілік алтыбақан теуіп, ұлттық ойындар ойнауға мүмкіндік алды. Келушілер үшін ән мен биден шашу шашылды. Ауа райын болжаушылар аймақта бұл күні дауыл тұрып, нөсер жауады дегеніне қарамастан, фестивальге келген халықтың қарасы қалың. Арасында шетелдік меймандар да бар.

Күлімсия Жабайқызы, Шортанды ауданының тұрғыны:

- Қазақтың ауылын көзге елестетіп, атамыздың ертедегі өтіп кеткен дәстүрін жалғастырып жатыр. Жаңғыртып жатыр. Осыған рақметімді айтып, қатты қуанып тұрмын.

Расында, бұл маңайға қарап, ежелгі қазақ ауылын көргендей боласың. Ал қымыз фестивалінің соңы бәйгеге ұласты.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 әлеуметтік желілерде