USD 340.27

EUR 396.40

РУБ 5.34

Ақтауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кештері ұйымдастырылды

Ақтауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кештері ұйымдастырылды

31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Ақтаудағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының аймақтағы мүшелері білім беру мекемелері мен әскери бөлімдерді аралап, еске алу кештерін ұйымдастыруда.

Сондай бір кезекті шара Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты жағалау күзеті аймақтық басқармасында өтті. Шекарашылар тоталитарлық кезеңде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтың қиын тағдыры бейнеленген фильмді тамашалады. Мұнан соң кәріс ұлтының өкілдері сөз алып, сталиндік режимнен жапа шеккендерді құшақ жая қарсы алған қазақ халқына шексіз алғыстарын білдірді. Жиын соңы этномәдени бірлестіктер күшімен әзірленген концертке ұласты.

Раиса Маденова-Хван, «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы:

-  30-шы жылдардың соңы қазақ халқы үшін де қиын-қыстау кезең болғаны белгілі. Алайда жеріне күштеп қоныс аударылған миллиондаған адамдарды қабақ шытпай қарсы алып, баспана берді. Бар азығымен бөлісті. Бүгінде Маңғыстау облысында 900-ге жуық корей тұрады. Әрқайсысы үшін Қазақстан туған жерге айналды.

Юрий Данилов, ҚР ҰҚК ШК «2201А» әскери бөлімінің сарбазы:

- Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың қиын тағдыры бүгінгі ұрпаққа сабақ болуы керек деп ойлаймын. Біз тарихтан үлгі алып, зұлматты жылдардың қайталануына жол бермеуге тиіспіз. Өз ұлтым украин. Отаным Қазақстанның шекарасын күзету мәртебесі бұйырғанын мақтаныш тұтамын.

Хабар 24 әлеуметтік желілерде