USD 343,45

EUR 403,00

РУБ 5.52

Балқашта жағажайлар бос, қонақ үйлер қаңырап тұр

Балқашта жағажайлар бос, қонақ үйлер қаңырап тұр

Балқаш қаласының кәсіпкерлері биыл қомақты қаржыдан қағылуы мүмкін.

Себебі күн райының салқын болуына байланысты туристік маусым кеш басталды. Қазірдің өзінде жағажайлар бос, қонақ үйлер қаңырап тұр. «Ал былтыр дәл осы уақытта жан-жақтан жиһанкездер ағылып, пайдаға кенелген едік», – дейді бизнесмендер. Соның нәтижесінде өткен жылы жергілікті бюджетке 160 миллион теңге табыс түскен.

Әлем бойынша мұнайдан кейінгі ең үлкен табыс көзі – туризм. Жұмыр жерде оның жемісін жеп отырған мемлекеттер аз емес. Өткен жылы Балқаш көліне 31 мыңнан астам турист келіп, қала бюджетіне 160 миллион теңге табыс әкелген.

Ал биыл күннің суығынан туристік маусым тым кеш басталды. Жағажайда бірді-екілі жергілікті тұрғындар болмаса, туристердің қарасы мүлдем көрінбейді. Кәсіпкер Тілеугерей Маканалин былтыр дәл осы уақытта демалыс орны жиһанкездерге толы болғанын айтады. Сол кезде жақсы табыс тапқан ол биыл жаңа бір қонақ үйдің құрылысын бастаған. Енді шығынға батамын ба деп қорқады.  

Тілеугерей Маканалин, кәсіпкер:

- Жаз келмей, кешігіп отыр. Туризм басталған жоқ. Негізі шығынға түседі ғой. Өйткені біз тамыздың 15-16-сына дейін ғана жұмыс істейміз. Өздеріңіз білесіздер, балаларды сабаққа дайындау керек. Сол уақытта туристер азая бастайды. 

Қазір Балқаш қаласында 50-ден астам туристік нысан жұмыс істеп тұр. Оған тәулігіне шамамен 3 мың адам тоқтай алады. Ал шаһардың маңындағы 17 шақырымға созылған жағажайда 6 демалыс орны бар. Бірақ мұнда да әлі күнге ешкім келген жоқ. Оған басты себеп көл суы жылымаған. Ал демалыс құны былтырғы жылғы бағадан еш қымбаттамапты.

Жамира Рахманова, Балқаш қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Соңғы үш жылдан бері демалыс орындарында баға қымбаттаған жоқ. Тұрақты күйде тұр. Соның арқасында мұнда келушілердің 70 пайызын отандық туристер құрап отыр. Яғни Балқаш жағалауында демалу ел азаматтары үшін қолжетімді бола бастады. Егер күн жылы болса, шомылу маусымы қыркүйекке дейін созылуы мүмкін. Сондықтан қазір келмеген туристердің орны сол кезде толар. 

Биыл жергілікті билік туристердің Балқаш қаласына қатынауын да жеңілдетіп, тағы бір әуе рейсін ашты. Ұшақ Алматы – Балқаш – Қарағанды арасына қатынайды. Қазір республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға қосымша ұшып-қону жолақтары салынып жатыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде