USD 343,45

EUR 403,00

РУБ 5.52

Балқаш қаласынан 50 шақырым қашықтықта күн электр стансасы бой көтереді

Балқаш қаласынан 50 шақырым қашықтықта күн электр стансасы бой көтереді

Қарағанды облысында күн электр стансасының құрылысы басталды.

Нысан Балқаш қаласынан 50 шақырым қашықтықтағы Гүлшат елді мекені жанында бой көтермек. «Себебі бұл жердің климаты баламалы қуат көзін өндіруге өте қолайлы», – дейді мамандар.

Күн электр стансасының аумағы 100 гектар болғанымен, қуаты әлдеқайда жоғары. Жылына 40 мегаватт тоқ өндіреді. Себебі орналасқан жері баламалы қуат көзін алуға аса қолайлы екен.

Нұрлан Қапенов, жоба жетекшісі:

– Баламалы қуат көзін көптеп өндіру үшін тек қана күн сәулесінің болуы жеткіліксіз. Ауа қысымы, ылғалдылық, барлығы да сәйкес келуі керек. Ал Гүлшат елді мекенінің климаты еліміз бойынша ең қолайлы болып тұр. Біз стансаны салмас бұрын, республиканың барлық облысын әбден зерттедік. Таңдау осы жерге түсті.

Жоба құны – 46 миллион доллар. Бұл қомақты қаржыны шетелдік инвесторлар құйса, қосалқы стансаның құрылысын отандық компаниялар жүргізбек. Шамамен 300-ге жуық жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады.

Анатолий Шкарупа, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

– Нысанның жанынан 110 киловольттық электр желісі өтеді. Бұл өте қолайлы. Күн панельдері өндіретін қуат көзінің барлығы сол арқылы орталықтандырылған станцияға жеткізіліп, кейін еліміздің барлық аймағына таратылмақ. Бағасы анағұрлым арзан болады деп болжап отырмыз.

Нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Өндіруші компания панельдерге кемінде 25 жыл кепілдік беріп отыр. Айта кету керек, қазір облыс бойынша дәл осындай үш бірдей нысан салынып жатыр. Мәселен, жылына 100 мегаватт өндіретін Саран қаласындағы қосалқы станция қараша айында іске қосылмақ. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 әлеуметтік желілерде