USD 344,58

EUR 401,20

РУБ 5.50

Қостанай облысының тұрғындары Ауыл күнін тойлауда

Қостанай облысының тұрғындары Ауыл күнін тойлауда

Қостанай облысы Амангелді ауданында биыл жаппай Ауыл күні мерекесі тойланады.

Мұндағы мақсат – туған өлкенің тарихына тағзым жасап, көркеюіне үлес қосу, жас ұрпақты отаншылдыққа баулу. Алғашқы мейрам Байғабыл ауылында өтті.

Төрт түлік – бұл мекеннің ежелгі күнкөрісі. Соңғы жылдары ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып келеді. Соның арқасында шаруалардың қолындағы мал тұқымы жақсарды. Көрмеге қойылған мына төлдер – сол бағдарламалардың жемісі.

Рауан Әбішов, Байғабыл ауылдық округінің әкімі:

- Байғабыл ауылдық округінде 54 шаруа қожалығы, соның ішінде былтыр 22 млн теңге несие алып, өздерінің кәсіптерін дамытып жатыр. Соның сыртында лизингке трактор техникаларын алып жұмыс жасауда.

Шаруа қожалықтары әлеуметтік жауапкершікті айқын сезінеді. Олар Ауыл күнін атап өтуге де аянып қалған жоқ. 

Байғабыл өзінің жағасы аспан астындағы ашық мұражайға айналғандай. Бұл жерде қазақ халқының дәстүр-салты, тұрмысы, болмысы, бабалаларымыздың тұтынған бұйымдары жайлы мол мағлұмат алуға болады. Халқымыздың басынан өткен түрлі тарихи оқиғалар бұл мекенді айналып өткен жоқ. Әр дәуір өзінің көш бастаған көсемдерін, сөз бастаған шешендерін тудырды. Олардың өмірі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі.

Байғабылдық балғындар өлкенің шежіресіне құрметпен қарайды. Оқушылар дайындаған көріністер үш ғасырлық тарихты қамтыды.

Олжабай Тұрғанов, ауыл тұрғыны:

- Ұрпақтардың жетілгенін көрдік. Жаңағы көріністер сол жетілгенінің салдары. Ата-анадан тәрбие алғанының салдары.

Рәзия Бикенова, Ауыл күні мейрамының мейманы:

- Осының бәрі – ұлттық код, генетикалық жад. Мен асфальтта өскен немерелерімді әкеліп, киіз үйдің иісін сезсін, ұлттық тағамды татсын, ұлттық спорт ойындарын көрсін, жұғысты болсын деген ниетпен алып келдім.

Тұлпар мініп, ту ұстаған батырлар ұрпағы – торғайлық өрендер ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қояды. Бұлшық еті бұлтылдаған балуандар мен ат құлағында ойнаған бозбалалар бәсекесі делебе қоздырды.

Айта кету керек, бұл мейрам – «Рухани жаңғыру» аясында Байғабылда өтіп тұрған үшінші іс-шара. Былтыр ауыл тұрғындары туған жерін түлетуге 13 млн теңге қаржы қосқан еді. Тап осындай іс-шара күзге дейін ауданда 11 елді мекенде өтпек.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 әлеуметтік желілерде