356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теміртаудағы «Linde Gas Kazakhstan» серіктестігі екінші ауа бөлу нысанының құрылысын бастады

  • 143
Теміртаудағы «Linde Gas Kazakhstan» серіктестігі екінші ауа бөлу нысанының құрылысын бастады

Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы өндірістік газ шығаратын «Linde Gas Kazakhstan» серіктестігі екінші ауа бөлу нысанының құрылысын бастады.

Оның іргетасына капсула салу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров пен осы серіктестіктің бас директоры Батыржан Тергеусізов қатысты.

Бұл – «Linde Gas Kazakhstan» серіктестігінің екінші жобасы. Оған дейін 2012 жылы өнеркәсіптік газды дамыту бойынша әлемдік көшбасшы саналатын немістің «Linde Group AG» трансұлттық корпорациясы алғашқы ауа бөлу қондырғысын орнату жобасын жүзеге асырған болатын. Қазіргі уақытта «Linde Gas Kazakhstan» – ТМД елдері арасында өнеркәсіптік газды тасымалдайтын бірден-бір ірі компания.

Алмас Айдаров, облыс әкімінің орынбасары:

– Біз серіктестіктің екінші зауытының іргетасына капсула салдық. Бірінші зауыт жұмыс істеп тұр. «Арселор Митталдың» техникалық газға деген сұранысын толығымен өтейді. Сонымен қатар шетелге де шығарады. Жаңа зауыт та экспорттық әлеуетті арттыруға үлес қоспақ. Оның құрылысы келесі жылдың аяғында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бүгінде компания өз өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстанға экспорттайды. Биыл инвесторлар қосымша 70 млн еуроны инвестициялау жөнінде шешім шығарды. Бұл қаражат осы екінші ауа тарату қондырғысы нысанының құрылысына жұмсалады.

Хабар 24 телеарнасы