352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарапшылар: Баланың ақпараттық сауаттылығын арттырған жөн

  • 221

Медианың рөлін арттырып, беделін көтеру керек.

Әсіресе әлеуметтік желі кеңінен қанат жайған заманда фейк ақпарат ағынына тосқауыл қойған жөн. Ол үшін қайтпек керек? «Media 2020» конференциясында бас қосқан медиа менеджерлер әлемдік БАҚ өкілдерін алаңдатып отырған мәселелерді бірігіп шешудің жолдарын қарастырды.

Форумның үшінші күні. Шараға әлемдегі ірі медихолдингтердің басшылары қатысты. Басқосудың негізгі тақырыбы – бүгінгі әлемдік медианың даму барысы. Әсіресе Еуропа мен Азия медианарығының бүгіні мен болашағы кеңінен талқыланды. «Шетелдік БАҚ өкілдері қос құрлықтағы жылт еткен жаңалықты көк жәшікке телмірген көрерменге мейлінше шынайы жеткізу керек», – дейді. Осы ретте бүгінде қарқын алған әлеуметтік медиажайы тақырыпқа өзек болды. Төртінші билік өкілдері фейк жаңалықтарға тосқауыл қою жолында күш біріктіруді жөн санайды.

Фейяз Шехрияр, Үндістан радиосының бас директоры:

- Батыс пен Шығыс арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Батыстың жетекші ақпарат құралдары Шығыс елдерінде болып жатқан оқиғаларды халыққа объективті түрде жеткізбейді. Олар тарататын ақпарат көбіне ресми дерек көздерінен алынбаса керек. Сол себепті қос құрлық өкілдері арасында осындай диалогтың болғандығы өте маңызды.

Қазір сіз бен біз әлемнің әр түкпірінде болып жатқан оқиғалардан құлағдармыз. Интернеттің кереметі осы. Бірақ көбіне естіп, көрген жаңалығымыздың қаншалықты шынайы ақпарат екендігіне көз жеткізе бермейміз. Жалған рейтинг қуған басылымдар ұрымтал сәтті пайдаланып кетіп жатады. Бұл мәселе бүткіл медианарықты артқа тартып, БАҚ-тың беделіне нұқсан келтіріп отыр. Франциялық сарапшы, журналист Джон Магуайр бұл орайда дәстүрлі БАҚ-тың рөлін күшейту керектігін айтады.

Джон Магуайер, «Франц медиамун» компаниясының халықаралық қатынастар бойынша директоры:

- Кезінде журналистиканың тасы өрге домалап тұрды. Қазір ше? Қазір біз осыдан 50 жыл бұрынғы жағдайымыздан айырылып қалдық. Фейк жаңалықтар адамзатты адастырып, ақпараттық сауатсыздыққа алып келді. Оған тосқауыл қоятын бір ғана жол бар. Дәстүрлі БАҚ жұмысын нығайтуымыз керек. Бұл бір елдің медиа нарығында жүзеге аспауы керек. Біз біріккенде ғана жеңіске жета аламыз. Осы ретте Еуропа мен Азия өзара ынтымақтастықты нығайтуға ден қойған жөн.

Француз журналисінің пікірін әріптестері қолдап отыр. Жалған ақпаратпен күресу жолының бірі – балалардың медиа қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Себебі бүлдіршіндер бесіктен белі шықпай жатып, ғаламтордың шырмауына ілінеді. Интернет адамзаттың қол жеткізген жетістігі дегенмен, бүгінде бас қатырар басты мәселеге де айналғаны рас. «Сондықтан баланың ақпараттық сауаттылығын арттыру үшін жас кезінен медиа туралы түсіністігін қалыптастыру қажет», – дейді мамандар.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Ербол Даиров, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы