356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі интеллектуалды құрылғылар жолда ереже бұзу дерегін қалт жібермейді

  • 178

Шымкентте ішкі істер департаментінің өңдеу орталығы  жыл басынан бері 41 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтаған.

Үшінші мегаполистің аумағында бүгінде 21 дана жылдамдық өлшеуіш құралдары, көше қиылыстарында 21 дана бейнебақылау камералары және жол қозғалысын бақылайтын 6 дана «Крис П» жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Ал бұл зияткерлік құрылғылар қалай жұмыс жасайды ? 

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Шымкентте жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзудың жалпы 41026 дерегі анықталған.  Мәселен, мынадай автоматты түрде тіркейтін «RedSpeed» құрылғысы жылдамдықты асырғаныңызды лезде байқап, ереже бұзғаныңызды Процессингтік орталығының арнайы техникалық бақылау базасына жіберіп отырады. Бұл қондырғы шаһарға 2007 жылы әкелінген. Сыры кетсе де, сыны кетпеген жол көлік бақылау жүйесі қазынаға қаржы құйып әрі тәртіптің алдын алуда.

Ал қаладағы 21 көше қиылысына орнатылған тағы бір зияткерлік жүйе  – бұл «Интегра». Көлік жүргізушілері арасында ол жылан пішіндес болғаннан соң «кобра» деп те аталып кеткен. «Интегра» бейнекамералары жол жүру ережесін бұзған автокөлікті анықтауда септігі мол.  Одан бөлек жалған мемлекеттік белгі тағып жүрген әртүрлі сипаттағы 385 автокөлікті осы «Интегра» арқылы тауып, оларға қатысты заңды шешімдер қабылданған.  Бұл интелектуалдық жүйелер жолдардағы жазатайым оқиғалар мен өлім-жітім көрсеткіштерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді екен.

Алмасхан Тастанбеков, облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Үстіміздегі жылдың алты айында жалпы апаттылық жағдай облыс бойынша 19 пайызға төмендеген. Оның салдарынан қайтыс болғандар 8 пайызға төмендеп отыр. Әсіресе мынау республикалық бағытта жүретін көліктік жолдарда апаттық жағдай 42 пайызға төмендеп отыр. Онда қайтыс болғандар 47 пайызға төмендеп отыр. Оның бірден бір себебі біз «КРИС-П» құрылғыларын қолдану деп есептейміз. Себебі ол тұрған жерде азаматтар жүргізушілер жол ережесін сақтап, жылдамтықты да сақтауға тырысады.

Жол ережесін бұзуды тіркеу жүйесіндегі тағы бір ноу-хау«КРИС-П» және «УРАГАН» мобильді кешендері. Бұл құрылғылар құқық бұзушылықты камералар арқылы дербес жазады. Мұнда түскен ақпараттарды өшіруге немесе бұл жүйемен «келісу» мүмкін емес. Деректер тікелей өңдеу орталығына жіберіледі. Егер ережеге бағынбасаңыз, үйіңізге айыппұл төлеу туралы хат келеді. Хатқа да селт етпесеңіз, көлігіңіз айып тұрағына қойылады.

Ержан Алтынбеков, көлік жүргізуші:

- Мұндай құрылғылардың болғаны дұрыс қой. Жаңағы құқықбұзушылық оларды тоқтатып, айыппұлдарды төледік осының арқасында. Апаттың алдын алуға әрине көмектеседі. Жылдамдықты азайтады, қатты келе жатқанда.

Тағы бір тың ақпар жыл басталғалы Шымкенттегі жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 130-дан астам қылмыс ашылған.  Ал орталықтағы  қоғамдық орындар мен халықтың көп жиналатын көшелерінде бүгінде  479 бейнекамера жұмыс жасайды. Бұл бейнебақылау жүйелері жергілікті полиция қызметі мен жол патрульдік полицияның жұмысын жандандыруға сеп болатыны анық.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы