359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетауда жас құтқарушылардың республикалық жарысы өтті

  • 163

Бұл сайыстың Көкше жерінде өткізілуінің өзіндік себебі бар.

Өйткені Қазақстандағы кәсіби құтқарушылар мен өрт сөндірушілерді дайындайтын жалғыз оқу орны осы қалада орналасқан. Балалар 7 кезеңнен тұратын үш күндік жарыстан бөлек Көкшетау техникалық институтын көзбен көріп, курсанттармен де кездесті.      

Балалардың жарысқа деген ынтасы ерекше. Бір-біріне қолдау білдіріп, жеңіске ұмтылады. Бір командада 7 адам. Кейбір құрамаларда тіпті, қыз балалар да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары төтенше жағдайлар қызметі саласына нәзік жандылар көптеп келе бастаған. Әрі олар үздік нәтиже көрсетіп жүр.

Гүлраушан Бақытжан, жарысқа қатысушы:

- Біздің жетістіктеріміз көп. Оларды атап өтетін болсақ, 2015 жылы біз Әзірбайжан мемлекетінде Габала қаласында «Пожарный спасатель» жарысында жүлделі 3-орынға ие болдық. Сонымен қатар Алматы облысы Қапшағай ауданында өткен «Казспас-2015» жарысында жүлделі 2-орынға ие болдық. Және де 2016 жылы Белорусия мемлекетінде Гомель қаласында өткен өрт сөндіру және құтқару жарысы бойынша 3-орынға ие болдық және де 2017 жылы «Юный спасатель» жарысында 1-орынға ие болдық.

Гүлзат Әлімжан, жарысқа қатысушы:

- Көшеде әр түрлі жағдайлар болып қалады немесе өрттік жағдай болады. Сол кезде көптеген адамдар шоковый состоянияда тұрады. Ал ол кезде адамдар көмектесуі керек. Біз соны үйренеміз. Өзімізге ұнайды, бізге «жас құтқарушы» деген аттың өзі. Бізде әрине қыздар көп емес. Дайындаламыз. Бізде негізі жарыс бойынша командада тек 1 қыз. Ал үйірменің өзінде 5-6 қыз бар.

Бұл жарыс Көкшетауда биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін тек Алматы облысының аумағында ұйымдастырылатын. Осы жылы қатысушылардың да қатары көбейген. Құрамалар еліміздің барлық дерлік аймағынан жиналған.

Сырым Шәріпханов, Көкшетау техникалық институтының бастығы:

- Биыл ең үлкен жиын болып саналады. Бұл бірінші осылай үлкен болып отырғаны. Біз енді жылда осылай осы құрамменен өткізуге барлық күшімізді салып, ұйымдастырамыз. Енді келесі жылдары барлық облыстар қатысатын болса, онда біз өте жоғары деңгейде өткіземіз. Ең бірінші мақсаты ол – жастарды спортқа және де «өрт сөндіруші және құтқарушылар» мамандығына тарту. 

Жарыс ережелері де жыл сайын жетілдіріліп келеді. Мәселен, суда құтқару сайысы биыл алғаш рет қосылып отыр. Сондықтан болар, қатысушылардың аталған жарысқа деген қызығушылықтары зор. Шығармашылық та назардан тыс қалмайды.

Әділет Серік, ұйымдастырушы:

- Жас құтқарушыларымыз тек қана құтқару жұмыстарын ғана жүргізіп, біле қоймай, оған қоса шығармашылық қабілеттері мықты болу қажет. Олар ең алдымен, осы жарыстың бірінші күнінде бірінші, екінші, үшінші кезеңдерінде өздерінің топтарын  таныстырып және әрі қарай өздерінің ойларынша адамдар мен қоғамның қаупсіздігіне байланысты сурет салулары қажет.

Жалпы бұл сайысқа 12 құрама, яғни, 86 бала қатысты. Ал жарыстан жеңіп шыққан команда келесі жылы өтетін халықаралық жас құтқарушылар сайысына жолдама алады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Балалардың бұл жарысқа қатысуының өзін батылдық деп бағалауға болады. Себебі, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету, суға батып бара жатқан адамға қол ұшыне созу немесе өрттен адамды аман алып қалу секілді әрекеттер, жасөспірімдер түгілі үлкен адамдардың өзіне оңай соқпайды. Сондықтан болашақта бұл балалардан мықты азамат және білікті маман шығады дейді ұйымдастырушылар. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы