361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулықтар дәрігер қабылдауына мобильді қосымша арқылы жазылады

  • 727

Ақтаулықтар цифрлық амбулаториялық карталарды қолдануға жаппай көшіп жатыр.

Қала тұрғыны мобильді қосымша арқылы медицина қызметкерінің қабылдауына онлайн жазыла алады. Бұл үшін смартфонға жүктелген қосымшаға кіріп, ұялы байланыс және жеке сәйкестендіру номерлерін енгізу қажет. Сандық үлгідегі бағдарлама емхана мамандарының жұмыс кестесі мен үйге дәрігер шақыртудың жолдарын көрсетеді. 

Ақтауда тұратын Асия Жұмашова балалар невропатолог-дәрігерінің қабылдауына келіп тұр. Алты баланың анасы мобильді қосымшаны перзентханада жатқан кезінде смартфонға жүктеп алған. Цифрлық бағдарлама арқылы қажет кезінде дәрігерді үйге шақыртып келген екен. Ұлы бір айға толған соң емханаға онлайн жазылып, кестеге сай перзентінің денсаулығын мамандарға қаратып жүр.

Асия Жұмашова, қала тұрғыны:

- Артымыздағы адамдарды көріп тұрсыз ғой, таңертеңнен бері кезекте тұр. мен мысалы кезексіз, өз уақытыммен кірдім. 1 айлық баламен мен кезекте тұра алмаймын. Айқай-шудың арасында, күн ыссыда. Халыққа айтарым, осы «Дамумед» деген қосымшаны жазып алыңыз. Өте оңай, уақытыңызды жоғалтпайсыз.

Іргелес кабинетте отырған окулист көру қабілеті нашарлаған тұрғындарды қабылдайды. Мобильді қосымша көмегімен дәрігерге жазылу науқаспен қатар медицина қызметкерінің де алтын уақытын үнемдейді.

Жалпы №1 қалалық емхананың электронды мұрағат қорынан тіркелген мекенжайы бойынша кез-келген адамның денсаулық паспортын табуға болады. Мұнда келген сырқат жан соңғы рет қашан және кімге қаралғанын монитордан көріп, тапсырған сараптамаларының қорытындыларымен таныса алады.

Гүлнар Романкулова, №1 қалалық емхананың сарапшы-дәрігері:

- «Дамумед» электронды бағдарламасының басты артықшылығы - науқас пен дәрігердің уақытын үнемдеуінде. Емхана директорының тапсырмасымен осы мобильді қосымшаны ең алғашқы күннен бастап өзім де, әріптестерім де ұялы телефонға жүктеп алдық. Яғни кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосылдық. Осыған дейін қағаздағы амбулаториялық картаны толтыруға кететін уақытымыз енді науқасты қарауға жұмсалатын болды. 

Ұзынсонар кезекке тұруға бойы үйреніп алған халық емханаға таңсәріден келеді. Әсіресе, балалар дәрігерлері отыратын кабинеттердің алды үнемі адамға лық толы. Осы олқылықты түзету үшін мейірбикелер мобильді қосымша туралы жан-жақты ақпарат жазылған жадымалар әзірлеп, көпшілікке таратуды қолға алған.

Ізболсын Көлбаев, №1 қалалық емхананың директоры:

Мобильді қосымша арқылы емхана дәрігерлеріне тәулігіне 1 мыңнан аса адам хабарласады. Осылай жалғаса берсе, жыл соңына дейін қала және шаһар аумағындағы елді мекендер тұрғындары сандық үлгідегі бағдарламаны пайдалануға 100 пайыз көшеді деп айта аламыз. Яғни 107 мыңға жуық адам электронды медициналық қызмет түрлерін қолдануға көшеді деген сөз.

Жадынамада көрсетілген электронды медициналық қызметті әр адам ғаламторға қосылған телефоны бар адам еркін қолданады. Болмаса емханаға келіп, ақпараттық бекетте отырған ІТ-маманның көмегіне жүгіне алады. Айта кетейік, мұндай бекеттер №1 қалалық емхананың барлық қабатында бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы