361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық 53 отбасы баспаналы болды

  • 158

Алматыда мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үй пайдалануға берілді.

Баспана бағы бұйырғандар қатарында Мира Ағыбаева да бар. Көп уақыт қызы және немересімен қалада пәтер жалдап тұрып келген. Қызы мемлекеттік қызметте. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құжаттарын рәсімдеген. Міне, көп ұзамай өздерінің пәтерлеріне қоныстанды. Жаңа көршілерімен танысып мәре-сәре болып жатыр.

Мира Ағыбаева, қала тұрғыны:

– Мен өте қуаныштымын. Қызым мемлекеттік жұмыста қызмет істейді. Қазір үйде немере бағып отырмын. Жалғызбасты аналар пәтер алып жатыр. Көп жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұратын жастарға да өте қолайлы, жақсы бағдарлама.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асырушы негізгі ұйымның бірі – Қазақстан ипотекалық компаниясы. Бұл пәтерлер сатып алу құқығымен 20 жылға жалға беріледі. «Бағасы да қолжетімді», – дейді компания өкілдері.

Руслан Кәкім, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ басқарма басшысының орынбасары:

– Соңғы 3 жылда Алматыда 5 мыңнан астам отбасы осы бағдарлама арқылы баспаналы болды. Алматы қаласы бойынша пәтердің әр шаршы метріне төленер сомма 800-1100 теңге шамасында. Яғни бір айда арендалық құны 50-60 мың теңгеден. Бұл – көп отбасы үшін қолжетімді баға.

Бағдарлама бойынша пәтер алу құқығына ең алдымен бюджеттік сала мамандары, мемлекеттік қызметкерлер, жетім-жесірлер мен  әлеуметтік жағдайы төмен жандар ие болады. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған келесі 80 пәтер «Жас қанат» ықшамауданында күзде тапсырылады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы