352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ-өзбек әскери ынтымақтастығы арта түседі

  • 247

Еліміздің қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов өзбекстандық әріптесі, генерал-майор Абдусалом Азизовпен кездесті.

Алматыда өткен кездесуде әскери қауіпсіздік пен қорғаныс салаларындағы екі жақты ынтымақтастық жайы сөз болды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әскери ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Алматыда екі елдің қорғаныс министрлері арасында өткен кездесу осыған дәлел. Көрші мемлекеттен жұмыс сапарымен келген генерал-майор Абдусалом Азизовпен қазақстандық әріптесі Сәкен Жасұзақов кездесті.

Сәкен Жасұзақов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі:

- Жазғы әскери жаттығулар басталғалы жатыр. Жауынгерлік дайындықтың екінші кезеңін Өзбекстан аумағында өткіземіз деп жоспарлап қойдық. Осы орайда, алда арадағы әскери байланыс пен ынтымақтастық нығая түседі деген сенімдемін.

Өзбек делегациясы Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери нысандарда болды. Атап айтсақ, «Жетіген» оқу орталығын, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік және Құрлық әскерлерінің әскери институттарын аралады. Сондай-ақ екі елдің қорғаныс ведомстволарының басшылары «Ерік дала» арнайы тактикалық оқу-жаттығуларының дайындығына қатысты.

Абдусалом Азизов, Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрі:

- Бір-бірімізден үйренеріміз көп. Мұны екі жақты тәжірибе алмасу шарасына жатқызар едім. Біз әрдайым иық тіресе жұмыс атқарып, әскери салада қатар жүріп келеміз. Осы орайда бұл кездесу аса маңызды деп есептеймін.

Осылайша Қазақстан мен Өзбекстан әскери-техникалық бағытта бірлесіп жұмыс атқармақ. Еске сала кетейік, осы жылдың 23 ақпанында екі ел арасында әскери-техникалық байланыс келісімі күшіне енді. Құжатқа көрші мемлекеттер өткен жылдың күзінде Ташкент қаласында қол қойған. Тең дәрежеде барлық заңдық нормалар ескеріліп, өзара әскери-техникалық байланыс орнады. Алдағы уақытта саланың даму деңгейін жаңа сатыға көтеру көзделіп отыр. Осы бағыттағы кездесу соңында тараптар әскери ынтымақтастық келісіміне қол қойды.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы