352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Баянауыл халқы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын атап өтуде

  • 417

Павлодар облысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын тойлап жатыр.

Жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген алаш ақынының ғұмыры қысқа болды. Оның артында рухы биік өлмес туындылары қалды. Ұлыларын ұлықтаған жерлестері ақынның мерейтойын дүбірлі думанмен атап өтті.

Қарлығаш Қасиетова, Twitter@kasietova

– Халқымыздың біртуар перзенті С.Торайғыровтың өмірі осынау сұлу табиғат аясында өткен. Оның есімі тарихта аз жасап, көп іс тындырған тұлға ретінде алтын әріппен жазылды. «Қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болам», – деп биікке құлаш сермеген ақын 27 жасында өмірден өткен. Оның туындылары өміршеңдігімен ерекше.

Сұлтанмахмұттың арғы атасы – Шоң Торайғыр. Ол – Баянауылда ең алғаш аға сұлтан болған адам. Торайғыр ауылына келгендер ақынның мазарына соқпай кетпейді.

Айықпас дертке шалдығып, өмірі сынаптай сырғып өткен Сұлтанмахмұт сол кездегі саясатқа қарсы шыққан. Патша үкіметінің саяси езгісін қатаң сынға алып, елінің тәуелсіздігі жолында күреседі. Өмір көшінен адасып, жігері құм болған туған халқын отты жырларымен қайрап, сапасын оятуға күш салады. Оның артында мұра болып «Қамар сұлу», «Кім жазықты» романдары, бес-алты поэмасы және 107 өлеңі қалды. Ал С.Торайғыровтың мұражайында тың деректер мен құнды жәдігерлер сақталған.

Жанар Әубәкірова, С.Торайғыров мұражайының маманы:

– Біздің мұражайда көне заттар бар. Бірақ оның ішінде ақынның өзінің пайдаланған заттары жоқ. Мұражайда әрбір кезеңде қойылған жәдігерлер бар. 1933 жылы Ж. Аймауытовтың толық жинағы шығарылған.

Жәнібек Мәліков, дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет қайраткері:

– Осы Көктаудың бауырында, Торайғыр ауылында дүбірлеген той өтіп жатыр. Осындай қасиетті мекеннен ұлылар туады.

С.Торайғыровтың 125 жылдығына арналған мерейтой Торайғыр ауылының жанындағы тау бөктерінде бой көтерген этноауылда жалғасты. Бес шақырымдық дуатлон, 25 шақырымдық велошабандоздар жарысы, ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды. Республикалық онлайн-мүшәйра, дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Биылғы жыл Павлодарда ұлыларды ұлықтайтын жыл болды десек артық айтпас едік. Өйткені жуырда Е.Беркімбаевтың 150 жылдығы тойланады. Сондай-ақ М.Жүсіп Көпеевтің мерейтойы, Мұса Шорманұлының 200 жылдығы келе жатыр. Ал тамыз айында Ұлы дала елі этнофестивалінде бас қосамыз.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы