352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы ауыл мектебі жөндеуді қажет етеді

  • 141

Қостанай облысындағы Иванов ауылы тұрғындарының биыл мектепсіз қаламыз ба деген күдігі басым.

Іргедегі қос елді мекеннің балалары да сол  бастауыш білім ошағына қатынап оқыған. Енді олардың да мұңы сол. Себебі өткен қыста мектеп ғимараты өртеніп, жарамсыз жағдайға жеткен. «Әлі күнге дейін оны жөндеуге ынта білдірген адам жоқ», – дейді жергілікті тұрғындар.

Иванов бастауыш мектебі өткен қаңтар айында өртенді. Жиһаз, кітап, құжаттарды аман алып қалғандарымен, төбе, шатыры толық жанып кеткен. Қалған екі тоқсанды балалар ауылдағы тұрғын үйлердің бірінде оқуға мәжбүр болған. 

Ақбала Тайжанова, Иванов бастауыш мектебінің меңгерушісі міндетін атқарушы:

- Мына жерде шағын орталық, мектепке дейінгі дайындық және 4 сынып. Ал мына кабинетте 1-2 сыныптар оқиды.  Балалар екі ауысымда білім алады.

Иванов мектебіне биыл 90 жыл толыпты. Осы аралықта бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған. Оқу жылы аяқталысымен ата-аналар мектепті жқндеп берсеңдер деген өтініш айтып, біраз табалдырықты тоздырыпты.

Валентина Тихонова, Иванов ауылының тұрғыны:

- Міне, шілде айын орталап қалдық. Әлі күнге жөндеп жатқан ешкім жоқ. Келеді, қарайды, кетеді.

Жақын маңдағы аудан орталығындағы мектеп пен ауыл арасы 19 шақырым. Қыстың көзі қырауда қатынап оқу, әрине, мүмкін емес. Ал ата-аналар кішкентайларын интернатқа жібергісі жоқ. Қазір үш ауылды қоса есептенгенде бастауышқа баратын 19 бала бар. Жергілікті билік басындағылар оларды мектепсіз қалдырмаймыз деп отыр.  

Валерий Сосенко, Первомай ауылдық округінің әкімі:

- Шамамен 6 миллион теңгеге смета жасалды. Соншалықты дүрлігіс тудыратындай ешқандай проблема жоқ. Барлығы жақсы болады. 

Айымгүл Балтабаева, Меңдіқара аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Құрылыстың барлық сметалық, есептік құны түзіліп, жасалды. Төбеге қажетті жабдықтар, пластикалық терезелерге тапсырыс берілді. Оларды әкелісімен, қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз.

Жауапты сала басшылары 1 қыркүйекке дейін мектепті тапсырамыз деп отыр. Шығынның бір бөлігі бюджет есебінен өтеледі. Жергілікті кәсіпкерлер де көмек-қолдау көрсетеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы