356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда тұрмыстық жәбір көрген жанға қолдау бар

  • 131

Ақтауда тұрмыстық зорлық көрген тұрғындарды қолдау орталығының қызметі қайта жанданды.

Маңғыстау өңіріндегі бірегей кешен жаңа ғимаратқа көшуіне орай жарты жылға жабылып қалған еді. Қазір орталық есігі жақынынан зәбір көрген адам үшін тәулік бойы ашық. Әлеуметтік сала мамандары шілде басталғалы 30-ға тарта тұрғынға қол ұшын берді. Олардың дені кәмелет жасқа толмағандар. Мұнда жатын орны мен азық-түлік, заңгерлік және психологиялық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Алты баланың анасы Айман психолог қабылдауында отыр. Ішімдікке сылқия тойып алып, үй ішін сабайтын жұбайын тастап осы орталықты паналап жүргеніне бір аптадан асты. Мектеп жасындағы ұл-қыздарына ас-суды өзі әзірлеп, үнемі көз алдында ұстайды. Қатыгез күйеуінен ажырасу үшін сотқа арыз жазып та қойған.

Айман, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны:

- Баратын жерім болмаған соң, балаларымды жатқызатын орын іздедім. Интернет арқылы таптым мекенжайын. Бұл жердің маған көмегі – балаларыма тамақ, жататын орын тегін. Өзім де олармен біргемін. Ішінде психолог бар, сабақ өткізеді. Әр отбасыда болмайды емес, болады. Далада қалып жатқандарға айтарым, үкіметтен көмек бар. Рахқмет осы жердегі басшыларға.

Айманның ендігі мақсаты – орталық мамандары ұсынған тегін кәсіптік курсты оқып алу. Одан әрі тігіншілікпен айналысып, ел қатарлы күн көруді армандайды. Көпбалалы ана мұнда жарты жыл тұра алады. Перзенттерінің құжаттарын рәсімдеу үшін көшеге шыққан жағдайда балалары психолог бақылауында болады.

Тұрмыстық зорлықтың құрбанына айналған балалар сырт көзден бой тасалап, томаға-тұйық жүреді. Олардың қоғамға бой үйретіп, өзіне сенімінің қайта қалыптасуына педагог-психолог қана көмектеседі. Олар сурет сабағы немесе ойын кезінде әңгімеге тарту арқылы жеткіншектің ішкі сезімімен танысады.

Перизат Асылова, педагог-психолог:

- Біздің бұл жердегі іс-әрекетіміз тек ойын түрінде өтеді. Сурет салдырамыз, қолдың моторикасын дамыту. Сазбалшықпен жұмыс жасайды. Жасағанда әр бала өз түстерін таңдайды. Әр түстің өзіндік сыры бар. Сурет салу кезінде де балалар ішіне жиған сезімін шығарады. Сол балаларға сана-сезімінің дұрыс қалыптасуына көмек беру – міндетіміз.

20 орындық бұл орталық тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасайды. Ғимараттың іші-сыртына бейнебақылау камералары орнатылған. Ішке кіретін жалғыз есікте күзетші бар. Мұнда тек қазақ елі азаматтарынан бөлек шетелдіктерге де түрлі қызмет көрсетіледі. 

Александр Фокин, орталық заңгері:

- Табыс көзін іздеп не көшіп келіп, түрлі кедергілерге ұшыраған шетелдік азаматтарды да қабылдап, кеңестер береміз. Жаңа ғимаратқа ауысқалы жұмысымыз жаңа қарқын алды. Қазір 30-ға тарта әйелді қамқорлығымызға алдық. Психологтардан қолы босаған сәтте сұлулық салонына жазып, мәдени-көпшілік орындарға жібереміз. Осылайша тұрмыстық зорлық көрген адамның жаңа өмір бастауына қол ұшын беріп жатырмыз.

Былтыр орталыққа хабарласқан 262 адамға көмек берілді. Бұған дейінгі кешенде 66 әйел мен 112 бала тұрған. Қазір жаңа ғимаратта кереует санын ұлғайту қолға алынған. Құрылыс аяқталуға жақын қосалқы үйде орталық мамандары орналасады. Олардан босаған бөлмелер жатын орынға айналмақ. Сондай-ақ орталық алдындағы бос жерде балалар ойнайтын алаң салынады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы