356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 27 жоба мақұлданған

  • 142
БҚО-да кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 27 жоба мақұлданған

Батыcқазақстандық шаруалар мемлекеттік бағдарламалар игілігін тиімді пайдаланып отыр.

Мемлекет басшысы өз кәсібін бастағандар үшін жеңілдетілген шағын несие көлемін арттыруға пәрмен берді. Бұл ретте жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында аймақта жыл басынан бері 27 жоба мақұлданған.

Бие байлап, қымыз баптаймын дейтіндерге мемлекет тарапынан қандай көмек бар? Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалар өңірде қалай жүзеге асып жатыр? Осы сауалдарға бірге жауап іздеп көрейік.

Нұрлыбек Рахманов – аймақтық басылымның аға тілшісі. Белгілі блогер. Қызметтен қолы қалт еткендегі ермегі – «ақ шағаласын» күтіп-баптау. Сүйкімді жануарын еркелетіп солай атайды. «Қалада тұрсам да қамбар ата түлігінен қол үзгім келмеді. Қабырғаммен кеңесе келе былтыр Бөкейордадан осы жылқыны әкелдім. Ауылдағыдай емес, қалада ат ұстау қиын. Бірақ келешекте сүйікті ісімді кеңейтпек ойым бар», – дейді ол.

Нұрлыбек Рахманов, Орал қаласының тұрғыны:

- Жылқыны осы бір жылда жақсы тани бастадым. Болашақта осы кәсіппен айналысатын ой бар. Оған жылқы шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Егер адам қолға алса, жылқы шаруашылығын оңай іске асыруға болады деп ойлаймын. Жылқы жайлы ғаламторға салған фото, видеолардың астына көп адам пікір жазады, «балаларымызды қалай мінгізсек болады?» деп хабарласады. Иппотерапияны дамытуға болады, одан бөлек қымызға сұраныс өте жақсы қазір. 

Жалқыдан жалпыға көшсек, әріптесіміз тілге тиек еткен бағдарлама игілігін көріп отырғандар бар. Мәселен, Сәтиевтер отбасы 3 жыл бұрын жеңілдетілген несиенің көмегімен он шақты бас жылқы мен ірі қара сатып алған. Қазір мал өнімдерін өңір нарығына шығарып пайда таба бастады. Біз келгенде шаруаның жұбайы Анаргүл бие сауып жатыр екен.

Анаргүл Хисметова, Серебряков ауылының тұрғыны:

- Бізге қаладан, Круглоозерный, Серебряков ауылдарынан келіп саумал алып ішеді. Тек саумал емес, қымыз да ашытамыз, сол қымызды да өткіземіз. Бұл неше түрлі ауруға ем дейді, соған байланысты келетін емделуші адамдар осы саумалды ішеді.

Имантай Сәтиев, кәсіпкер:

- Бір күнде 4 бастан бір сауғанда, әр биеден 1 литрдің үстінде сүт алынады. Күніне 5 мезгіл сауылады, 5 мезгілден 20 литр сүт алынады. Өзіміздің шаруашылығымызды кеңейтіп, ауылдың шет жағына қарай шықсақ деген ойымыз бар.

Еңбек адамының ендігі мақсаты – саумалмен емдейтін сауықтыру нысанын салу. Тың жобаны жүзеге асыру үшін тағы да мемлекеттің қолдауына жүгінбек. «Бұл салада кәсібін өрістетіп отырған шаруашылықтар баршылық», – дейді мамандар.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бас маманы:

- Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша, бұл жаңа жоба 2017 жылы басталған. Бұл жоба бойынша 2018 жылы 303,3 миллион теңге бөлу жоспарланған. Қазіргі таңда сол қаражаттың 279 миллион теңгесі бөлініп, екінші деңгейлі банктер арқылы несие беру басталды. Қазіргі таңда жалпы сомасы 360 миллион теңгеге 27 жоба несиеленді. 

Мақұлданған жобалардың дені жүк тасымалы, мал өсіру және қызмет көрсету саласын қамтиды. Кәсібін енді бастағандарға екінші деңгейлі банктерден 6 пайызбен несие беріледі.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы