Алматыда ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспаналар салынады - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 359,46

EUR 409,95

РУБ 5.43

Алматыда ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспаналар салынады

Алматыда ескі үйлер сүріліп, орнына жаңа баспаналар салынады

Алматыда тозығы жеткен үйлерді сүру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жыл соңына дейін қаладағы 8 ескі үйдің орнына бірнеше баспана салу жоспарланған. Көне үйлерді бұзуға шетелдік инвесторлар да ниет білдіріп отыр. Қала билігі аукцион ұйымдастырып, қаржыгерлерді іріктеуге кіріскен. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары іргесі қаланған үйдің тұрғындары 17 қабатты жаңа баспанаға қоныс аударды. Құрылыс компаниясы осы аумақта тағы 11 үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Бүгінде оның бесеуі бой көтерген.

Қирандыға айналған қос қабатты бұл үйде бұрын 16 отбасы тұрып келген. Олардың барлығы қазір қарсы беттегі зәулім үйге қоныс аударыпты. Мердігерлер осы аумақта тағы бір баспананың құрылысын бастап кеткен. Қолданысқа биыл күзде беріледі деген жоспар бар.

Александр Дорохов, құрылыс аумағының басшысы:

– Қазір тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстарын жасап жатырмыз. 180 құрылысшы тынымсыз еңбек етуде. 17 қабатты бұл үйді алдағы қыркүйек айында тапсырамыз. Мұнда 99 пәтер бар. Одан бөлек, 600 көлікке шақталған паркинг салдық.

Қазір Алматыда 900-ге жуық ескі үй бар. Жауапты мекеме оларды 2025 жылға дейін толық сүріп, жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ол үшін қала билігі қалталы қаржыгерлердің көмегіне жүгінбек. Қазір арнайы аукцион ұйымдастырылып, инвесторлар іріктеліп жатыр.

Талғат Тәжібаев, кәсіпорын директорының орынбасары:

– Аукционға қатысуға шетелдік инвесторлар да ниет танытып жатыр. Арасында қытайлық және америкалық қаржыгерлер бар. Жалпы инвесторларға екі шарт қойылады. Алғашқыда олардың жұмыс тәжірибесіне, қаржылық әлеуетіне мән береміз. Кейін аукцион арқылы үздіктерін таңдап аламыз.

Алматыдағы ескі үйлерді сүру жұмыстары осыдан 6 жыл бұрын басталып еді. Осы аралықта 56 көне там күреліп, 600-ге жуық отбасы жаңа баспанаға көшірілді. Мамандар шатқаяқтаған үйлерді бұзу жұмыстарын үдете беретіндерін айтады. Мәселен, биыл жыл соңына дейін тағы 8 үй сүріліп, орнына көпқабатты 9 үй баспана іргесі қаланбақ. Ол үшін инвесторлардан 33 млрд теңге тарту көзделіп отыр.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Қанат Қаматаев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде