353.64 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында оқушыларға арналған тегін ІТ сыныптар ашылуда

  • 157

Жаңа партиялық жобалар моноқалаларды дамытуға үлес қосады.

Сәтбаев және Жезқазған қалаларында нұротандықтардың бастамасымен коворкинг орталықтары мен оқушыларға арналған тегін ІТ сыныптар ашылуда. Нәтижесінде тұрғындардың кітапханаға келуі жиілеген. Әсіресе, жастардың бағдарламалау тілін үйренуге деген құлшынысы зор.

Үш жыл бұрын бұл ғимарат қараусыз қалып, апаттық жағдайда тұрған. Жергілікті кәсіпкер Сәуле Шәуенова тозығы жеткен жатақхананы жөндеп қана қоймай, заманауи білім орталығына айналдырды. Партиялық жаңа жобаларды жүзеге асыру барысымен өңірге арнайы келген Мәулен Әшімбаев жіті танысып, атқарылған жұмыстарға куә болды.

Сәуле Шәуенова, кәсіпкер:

– Орталығымызда ІТ сынып, электронды кітапхана, коворкинг орталығы және тағы да басқа заманауи білім беру үйірмелері бар. Ағылшын тілі клубында тіл үйретумен қатар, балалардың шет тілде еркін бір-бірімен пікір алмасуына арналған орындар қарастырылған. Біз кедергісіз білім алуға барлық жағдайды жасап жатырмыз. Жастардың білім алуына бағытталған «Нұр Отан» партиясының жаңа жобаларын толығымен қолдаймыз.

21 ғасырда оқушылар заманауи білім алып қана қоймай, сұранысқа ие мамандық таңдауы қажет. Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру үшін ІТ мамандары аса қажет. «Нұр Отан» партиясы осы бағытта да жаңа жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазіргі күні партияның бастамасымен барлық аймақтарда оқушыларға арналған тегін ІТ сыныптар ашылуда. Онда балалар бағдарламалау тілін терең меңгеріп, роботты техниканы құрастырумен айналысады.

Евгений Аниченков, «Алгоритмика» командасының маманы /Мәскеу қаласы/

– Қазіргі күні дәрігерлер адамның өмірін арашалап қалу үшін арнайы компьютерлер мен роботтарды жиі қолдана бастады. Көлік құрастыру, дизайн, адамның өміріне қажетті барлық салада, тіпті сәулет өнерінде де цифрлық жүйе енгізілді. Сондықтан ІТ саланы меңгерген бала ертең елінің дамуына үлкен үлес қоса алатынына сенімдімін.

Партияның бастамасымен республика бойынша ашылып жатқан коворкинг орталықтардың берері мол. Онда үлкен-кішіге бірдей білімін дамытуға жағдай жасалған. Тіпті партия коворкинг орталықтарында ІТ мамандығын меңгергендерге жұмыс тауып беруге даяр.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Осындай коворкинг орталықтардың негізгі мақсаттарының бірі – жастардың әрі қарай өсуіне мүмкіндік беретін жобаларды жүзеге асыру. Мысалы, Қазақстанда қазір біз трендтерді қарап отырамыз. Трендтердің бірі – жастардың өзін-өзі дамытуға деген құлшынысы. Осы коворкинг орталықтар арқылы жастарды тәрбиелеп, жетістікке жетулеріне мүмкіндік жасауымыз қажет. Біздің  мақсатымыз осы.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қарағанды  облысына жұмыс сапары барысында цифрландыруға көшкен бірқатар өнеркәсіп  орындарын аралады. Ұлытау жерінде кәсіпкерлер инновацияны наубайханалар мен  тігін фабрикаларына енгізіп, енді соның жемісін көре бастаған.

Хабар 24 телеарнасы