352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық үздік авторлардың туындылары БҰҰ-ның алты тіліне аударылады

  • 274

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанры шет тілінде жарық көрмек.

Аударма және кітапты насихаттау жұмысымен Еуропаның үздік баспалары айналысады. Бұл туралы келісімге қазақстандық делегаттар Франция, Англия және Испанияға жасаған сапары барысында қол жеткізді. Отандық делегацияны «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева бастап барды.

Қазақ авторларының туындылары енді француз тілінде жарық көреді. 2 томға біріктірілген повесть, әңгіме және қара өлеңдер жинағы Париж, Лион, Ницца сынды қалалардың басты кітапханаларына қойылады. Яғни 220 миллион адамның назарына ұсынылады. Француз халқының өзі қазақ жазушылары мен ақындарының шығармаларына қазірден бастап қызығушылық танытып отыр.

Тьерри-де-ла-Круа, «Michel de Maule» баспасының негізін қалаушы және бас редакторы:

– Бұл – тарихи маңызы бар оқиға. Қазақстан – халықаралық аренада танымал мемлекет. Енді әлемді қазақ елінің мәдениетімен таныстырмақ. Француз халқы үшін өте қуанышты жаңалық. Себебі біз қазақ әдебиетін етене жақын зерттегіміз келеді. Сіздердің елге студенттер, профессорлар және саяхатшылардың қызығушылығы оянатыны сөзсіз.

Карла Оригони, Париж мәдениет қауымдастығының президенті:

– Мен бұл жобаны керемет бастама дер едім. Біз сіздердің талантты әртістеріңізді, әнші, бишілеріңізді білеміз. Ал қазақ әдебиетінен мүлдем хабарымыз жоқ. Міне, осы жобадан соң ұлы даланың ақындарымен де танысатын болдық. Сіздердің елдеріңізді танып-білуге деген құштарлығымыз жоғары.

Сарапшылар тобы елімізді шетелге танытатын әдебиетті ұзақ таңдады. Нәтижесінде әрбір жинаққа 30 жазушы мен ақынның заманауи туындылары біріктірілді. Олардың көбі – беделді байқаулардың жеңімпаздары. Айта кетейік, аударма және баспа жұмыстарына үздік лингвистер мен аудармашыларды тарту көзделіп отыр. Шетелдік мамандарға қойылатын басты талап – автордың стилін сақтай отырып, халқымыздың рухын әдемі және көркем сөздермен жеткізу. Осы мақсатта қазақстандық делегация Францияның алдыңғы қатарлы баспа үйлерімен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде Парижде бірден екі меморандумға қол қойылды.  

Аида Балаева, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы:

– Бізде жазушылар да, ақындар да көп, сонын барлығын бір-бірден насихаттамай, екі антология шығарамыз деп келістік. Бір аптаның ішінде біз өте жақсы нәтижелі келіссөздер өткіздік. Бұнын барлығы біздің ұлттық бағдарламаның аясында жұмыс барысында өтіп жатыр. Ендігі кезекте оны сапалы аударып, жалпы осы елдерде насихаттап, әр оқырманға жеткізу. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын біздің әріптестермен, серіктестерімізбен талқылап, бір келісімге келген сияқтымыз.

Лоран Тайб, «Престиж Коммуникацион» халықаралық агенттігінің бас директоры:

– Біздің серіктестігімізге негіз болатын меморандумға қол қойдық. Және бұл жобаны бірге жүзеге асыратынымызға қуаныштымыз. Сіздерде бай мәдени мұра бар. Ел мәдениетін шетелге танытатын кітаптарды басып шығару өте өзекті.

Француз тілінен бөлек, қазақ әдебиетінің мұралары ағылшын, орыс, испан, араб, қытай тілдеріне аударылып, Ұлыбритания мен Испанияда басып шығарылады. Отандық делегация аталған мемлекеттерде де келіссөздер жүргізіп, табысты нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросының» директоры:

– Мәселен, ағылшын тілінде Британ кеңесі бұл жобаға стратегиялық әріптес ретінде қатысып отыр. Ал баспагер ретінде Кембридж университетінің баспасы бекітіліп отыр. Бұл енді дүние жүзінде өздерін ең алғашқы баспа ретінде таныстырады және қазір ең беделді баспалардың бірі. Испан тілінде бұл жобаға Сервантес институты кеңесші болып қатысып отыр, Испанияның Мәдениет министрлігі – ресми түрде стратегиялық әріптес.

Осылайша, еуропалықтар енді Қазақстанды әдебиеті арқылы тануға мүмкіндік алады. Дәл осы проза мен поэзия негізінде қазақ елінің тарихы мен салт-дәстүрін зерттей алады. Шетелдік баспа өкілдері Қазақстанды әлемге таныту жолында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын атады. Себебі жарыққа көрген басылым әлем тарихында ғасырлар бойы сақталмақ.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы