352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жыл басынан 1600-ден астам адам жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстырған

  • 167

Егер жүргізуші куәлігіңіздің жарамдылық мерзімі аяқталған болса, оны үйде отырып-ақ ауыстыруға болады.

Бастысы, электрондық үкімет порталына тіркелу қажет. Осылайша, онлайн түрде өтініш жолдап, бар болғаны бір-екі сағаттың ішінде жаңа құжат алуға мүмкіндік бар. 

Бұдан екі жыл бұрын ел азаматтары жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы ауыстыруға мүмкіндік алды. Заманауи жоба күйбең тіршілікпен жүрген тұрғындардың уақытын үнемдейді.

Мұрат Жұманбай, «Азаматтарға арналған үкімет» қоғаммен байланыс департаментінің директоры:

– Жазғы уақытта әсіресе демалыс уақытында біздің азаматтар өздерінің құжаттарын ретке келтіруге тырысады. Жаздың кезінде көліктерді сату-сатып алу мәмілелері жиі орын алатындықтан, қазіргі кезде Қазақстан бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында осы қызметті алуға жүгінушілердің саны едәуір артып отыр. Сондықтан біз азаматтарымызға мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, уақыттарын шығындамай, осы қызметтің барлығын онлайн режимде алуға кеңес береміз.

Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба қажет. Одан кейін өтініш толтырып, фотосуретіңіз бен қол қойылған скан парақшасын жолдайсыз. Сондай-ақ мемлекеттік баж салығы да төленуі тиіс.

Ерлан Шүренов, «Азаматтарға арналған үкімет» МК департамент директоры:

– Өтініш берілген соң 20 минуттың ішінде Ішкі істер министрлігінің жүйесіне түседі де, 20 минутта дайын болады. Сізге тек қана халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс істейтін уақытында барып, алып кету қажет.

Жыл басынан бері 1600-ден астам адам жүргізуші куәлігін онлайн түрде ауыстырған. Алайда тұрғындардың көпішілігі бұл мүмкіндікті пайдаланбай, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Өз кезегінде сала өкілдері «Азаматтарға арналған үкімет» порталының уақытты үнемдейтінін алға тартып, онлайн жүйені қолдануға шақырады.

Авторлары: Айнұр Ақылбайқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы