363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда бой көтеретін ғимараттар шығыстық үлгіде салынады

  • 280

Бірақ олардың бәрі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек.

Мавзолей мүмкіндігінше барлық жерден көрініп тұруы қажет. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани мәдени орталығы ретінде дамыту бойынша өткен жиында сәулетшілер мен археологтар, тарихшылар мен суретшілер осындай пікір білдірді.

Түркістан туризм саласы жақсы дамыған Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелес болады. Әрі түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтатады. Сондай-ақ Түркістанда бой түзейтін ғимараттардың бәрі шығыстық үлгіде салынбақ.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:

- Үйлер көпқабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ баспаналар Орта-Азия стилінде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Ең болмаса Қазақстанда бір қаланы бәріміз бірігіп осындай келбетпен жасаймыз.

Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту үшін «Көне Түркістан» тұжырымдамасы жасалған. Оның басты бағыттарының бірі – туристік индустрияны дамыту.

Хангелді Әбжанов, профессор:

- Әр турист келген 7 адамға жұмыс тауып береді. Оны алып жүретін жүргізуші, тамақ істейтін аспаз, ол жататын қонақ үй керек. Орта есеппен 7 адамға жұмыс тауып береді. Егер осы Түркістанға жылына 1 млн турист келетін болса, 7 млн адамға жұмыс бар деген сөз. Яғни бұл қала ештеңеге зәру болмайды.

Түркістанда жаңадан әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және қонақ үйлер, дәмханалар салынатын болады. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Яссауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлердің көптігіне байланысты арнайы Яссауи музейін ашу керектігі сөз болды. Жиын соңында аймақ басшысы Елбасы тапсырмасына орай еліміздің әрбір облысы Түркістан қаласына бір ғимараттан салып, сыйға тартатынын жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмақан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы