363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ елі З.Шәріпованы ақтық сапарға шығарып салды

  • 177

Бүгін ҚР халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпованы қазақ елі, көрермендер мен жақындары, сахнада жарты ғасыр бірге еңбек еткен үзеңгілес достары ақтық сапарға шығарып салды.

Қазақ өнерінде өшпес із қалдырған актриса халық және әлем әдебиетіндегі 100-ге жуық образды сахналады. Ең жарқын рөлдерінің ішінде Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» спектакіліндегі Қаракөзді айтуға болады. Ол кейіпкерінің жан қайғысын, ауыр тағдырын, психологиялық жай-күйін аса үлкен шеберлікпен аша білді. Зәмзәгүл Шәріпова драмалық, өткір мінезді, комедиялық рөлдерде де ойнап, сан қырлы сахна суреткері ретінде көрерменнің есінде қалды. «Айман-Шолпанда» Айман образы да – оның ұтымды кейіпкерлерінің бірі. «Ол образ жасауда ешкімге ұқсамайтын бірегей тұлға болды», – деп еске алады әріптестері. Кішіпейіл, еңбекқор, сұлулық эталоны саналған актрисаның артында екі қызы мен бір ұлы қалды.

Есмұхан Обаев, ҚР Халық әртісі, профессор:

– Бір театрда 70 жылға жуық еңбек еткен адамның бағасын көріп тұрсыздар, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық әртісі, Отан орденінің иегері, Парасат орденінің иегері, совет ордендерінің иегерлері, қазақтың драма өнерін алыс жақын шетелге танытқан бас кейіпкері. Осы театрдың тұлғалы үлкен әртісі дүниеден озды. Бірақ артында мұра қалды.

Нүкетай Мышбаева, ҚР Халық әртісі:

– Сегіз қырлы бір сырлы актриса. Оның әдемілігі қандай десеңізші?! Жарық жұлдыз сияқты. Сөз саптауы қандай! Сондай бір керемет қоңыр дауысымен көрермендерді тәнті қылатын еді.

Хабар 24 телеарнасы