352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да мал мен құс жаппай қырылуда

  • 257

Солтүстік Қазақстанда мал қырылып жатыр.

Қызылжар ауданына қарасты Якорь селосында соңғы бірнеше аптада осындай 20-дан астам оқиға тіркелген. Мұнымен қоса, өңірдегі Елецкое елді мекенінде тауықтар да қырылды. Қазір бұл ауылда карантин қойылған.

Петр Прониннің қытымыр қыстан аман шыққан малдары жаздың жалпағында төтеден келген кеселден қырылуда. Соңғы күндері сиыры өліп, тағы біреуі жатып қалған. Зейнеткер: «Мұндай жағдай ауылда бірінші рет орын алып отыр», – дейді.

Петр Пронин, ауыл тұрғыны:

– Бақташы сиырымның өрістен әзер келгенін айтты. Жағдай қорқынышты. Сондықтан барлық малдарымды ешқайда жібермей, қамауда ұстап отырмын.

Ауылда соңғы екі аптада 20-дан астам ірілі-ұсақты мал қырылған. Үрейі қашқан тұрғындар төрт түлікті өріске айдамай, үй маңында бағуға мәжбүр.

Марат Жакин, ауыл тұрғыны:

– Малдарды үйдің маңында бағуға мәжбүрміз.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Кейбір ауыл азаматтарының 4-5 малына дейін қырылып қалған. Әзірге неден екені белгісіз. Сондықтан мал дәрігерлері шөптен және судан сынама алған екен. Ал оның нәтижесі әзірге белгісіз.

Қазір жағдай қатаң бақылауда. Мамандар малдар сарғалдақ өсімдігін жеп, уланды деген болжам жасап отыр.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Алдын ала диагноз – улану. Жайылымдардағы сарғалдақ өсімдігі – улы өсімдік. Соны азыққа қолданғаннан кейін малдар клиникалық белгілермен ауырады. Улану аса қауіпті аурулардың тізіміне кірмейді. Сондықтан өтемақы болмайды.

Айта кету қажет, сондай-ақ өңірдегі Айыртау ауданына қарасты Елецкое селосында карантин жарияланды. Мұнда Ньюкасл дертіне шалдыққан 500-ге жуық тауық қырылып қалды. Мың жарымына арнайы екпе жасалды. Қазір аталған елді мекенде республикалық отряд залалсыздандыру жұмыстарымен айналысуда. Ең бастысы, мамандар бұл індеттің адам денсаулығына еш зияны жоқ екендігін айтып отыр.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы