352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында жыл басынан бері 11 адам суға кеткен

  • 194

Жамбыл облысында суға кету оқиғасы жиілеп кетті.

Жыл басынан бері өңірде 11 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Соңғы тәулікте осындай екі дерек тіркелді. Кәмелеттік жасқа толмаған қос жеткіншек шомылып жүріп, суға батып кеткен. Қайғылы оқиға Талас өзені мен Зербұлақ көлшігінде болды. Қазір бір жасөспірімнің денесі табылмай жатыр. Құтқарушылар шомылатын орындарда күндіз-түні рейдтік шаралар  ұйымдастырып, күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.

9 адам. Бұл – өңірде соңғы бір жарым айдың ішінде суға кетіп бақилық болғандардың саны. Оның 5-і бала. Статистика жан түршіктіреді. Түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 12 жерде арнайы құтқару бекеттері жұмыс істеп тұр. Ереже мен белгілер де орнатылған. Алайда судағы оқиғалар саны азаяр емес.

Марат Нұржанов, жедел құтқару жасағы сүңгуірлік құтқару бөлімшесінің маманы:

- Жамбыл облысы бойынша 14 адам құтқарылған. Оның ішінде 9-ы бала. Әр ауданға шығып қауіпсіздік туралы ережені сақтаңдар деп адамдармен әңгіме жүргізіп тұрамыз. Жазғы маусым басталғалы 1200 қағаз таратылды.

Кеше ғана Зербұлақ жағажайында отбасымен демалып жүрген үш бала тұншығып, екеуі құтқарылды. Олар шомылуға рұқсат етілмеген аумаққа өтіп кеткен. Өкінішке қарай, 2005 жылы туған жасөспірім суға батып кетті. Құтқарушылар оны судан шығарып, алғашқы жәрдем көрсетілгенімен тым кеш болған.

Суға шомылатындардың дені рұқсат етілмеген аумақты кесіп, арғы жағалаудан бергі жағалауға жүзіп өтпек болады. Өз күшін дұрыс есептемегендіктен орта тұсқа жеткенде әлі кетеді. Бұлшық еттері тартылады немесе балдырға оралып тұншығады. Кешегі қайғылы оқиға дәл осы тұста болған. 12-13 жас шамасындағы бала ата-анасының қарауынсыз шомылған. Салдарынан жеткіншек тілсіз жаудың құрбаны болды.

Ал екінші жеткіншек Талас өзеніне құлап кеткен. Құтқарушылар мен  туған-туыстары жабылып іздегенімен еш нәтиже бермеді. Оған 4 сүңгуір маман, бір техника жұмылдырылды. Олар өзеннің 140 шақырым аралығын қарап шыққан. Тек іздеу жұмыстарының үшінші күні баланың өлі денесін жақындары тауып алды.

Облыста алдын алу, түсіндіру шаралары өткізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін бірнеше рейд ұйымдастырылып, 150-ден астам жерге шомылуға тыйым салынған белгілер орнатылған. «Бірақ оған тұрғындардың құлақ  асып жатқашамалы» дейді.     

Мария Антонова, Тараз қаланың тұрғыны:

- Күн ыстық. Жақын жер болған соң осында келеміз. Мен 2 жастағы баламды алып келдім. Суға тек өзіммен ірге түседі. Бала деген жылдам ғой. Мұқият қарамасаң, қас-қағым әтте тұншып қалуы мүмкін.    

Лидия Толкмит, Тараз қаласының тұрғыны:

- Күн ысығанда осы жерге келіп шомыламыз. Адамдар көп келеді. Неше рет келіп жүрміз суға кетті дегенді естіген емеспін. Тек бүгін ғана естідім. Әр ата-ана өз баласына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әсіресе жағалауда. 

Құтқарушылардың айтуынша, жағажайда демалатындардың басым көпшілігі мас күйінде суға түсіп батып кетеді. Ал балалар ата-анасының қарауынсыз қалады. «Қазгидромет» орталығының хабарлауынша, жақын күндері облыста ауа температурасы 37-38 градусқа жетеді деген болжам бар.  Демек шомылатындар да көбейеді. Сондықтан суға түскенде сақ болғайсыздар!

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Ахан Әбілхайыр, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы