Маңғыстау облысында былтыр жаңартылған жол жарамсыз болып қалды - Соңғы жаңалықтар, Қазақстан жаңалықтары, фото, онлайн, видео, Хабар 24

USD 360,72

EUR 409,95

РУБ 5.36

Маңғыстау облысында былтыр жаңартылған жол жарамсыз болып қалды

Маңғыстау облысында былтыр жаңартылған жол жарамсыз болып қалды

Маңғыстау облысында былтыр ғана жаңартылған «Ақтау-Форт Шевченко» автожолы бір жылға жетпей жарамсыз боп қалды.

Жолдың төменгі қабаты көтеріліп, әр қадам сайын төмпешік пайда болған. Жаңа жолдың сапасына көңілі толмаған облыс мәслихатының депутаты құрылыс компаниясынан тез арада олқылықтың орнын толтыруды талап етті. Осы орайда қалааралық жолды жөндеу жұмыстары қайта басталды.

Түпқараған ауданын облыс орталығымен жалғайтын бұл жолдың маңызы зор. Сондықтан да ел қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, әбден тозған авто жол былтыр толық жаңарған еді. Көптің қуанышы ұзаққа бармады. Жарты жылға жетпей, кедір-бұдыр жолға айналды. Бұл жолда жүйткитін көліктер үшін аса қауіпті.

Нұржан Аманшаев, жүргізуші:

- Мен осы екі ортада көп жүрем. Көп жерінде төмпешік пайда болған. Жүру мүмкін емес болып қалған. Жалпы қазір орнына қалпына келіп жатқаны көрініп тұр.

Ахмет Салманов, облыстық мәслихат депутаты:

- Облыстық жолаушылар басқармасы және автомобиль жолдары басқармасына депутаттық сауал жолдағанмын, мынау жолдың сапасы жөнінде. Ол кісілерден бізге жауап келді күрделі жөндеуден өткізіп жатыр деп. Бұл «Ақтау-Форт Шевченко» тас жолының 43-75 шақырымы аралығында күрделі жөндеуден өткен тас жолдың қазіргі таңда кей жерлері көтеріліп кетуіне байланысты қайтадан жұмыстар жүргізіліп жатыр.

33 шақырым жол қайта жөнделетін болды. Қазір жауапты құрылыс компаниясы асфальтты жолды түгел сүріп тастап, қайта салып жатыр. Кінарат жолдың төменгі қабатынан кеткен. Құрылыс материалдарын үнемдеу мақсатында топырақты қатайтатын қоспа қосылған. Бұл құрамында гипс пен тұзы шамадан тыс көп болатын аймақ топырағына кері әсер етіп, жол 10-15 сантиметрге дейін көтеріліп кеткен.

Батанияз Елешов, құрылыс мекемесінің директоры:

- Бүгінгі таңда осы бір бөлігін түгел алып, асфальтты бетонын, оның астындағы цемент қосылған түгел құрамын алып тастап, міне қайтадан салып жатырмыз. Енді қайтадан өзіміздің отечественный метод дейді, ПГС салып, үстіне 15 см асфальт салып, екі қабат сонымен бір 7-10 күннің ішінде түгел қайта жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз.

Жол құрылысын тезірек аяқтау үшін жұмысшылар күні-түні еңбек етіп жатыр. 20 техника мен 50-ге жуық адам жұмылдырылған. Құрылыстың сапасы облыс мәслихат депутаттарының ұдайы бақылауында болады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде