359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау бекіре балығы зауыты 140 млн шабақты теңізге шығарған

  • 186

Атырау бекіре балығы зауыттары 20 жылда 140 миллион шабақ өсіріп, теңізге қосты.

Бекіре тұқымдастардың  бағалы түрлері мекендейтін Жайық-Каспий су айдынында балық қоры айтарлықтай азайып кеткен болатын. Осыған орай 1998 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен бекіре шабақтарын қолдан өсіретін 2 зауыт салынып, іске кірісті.  Олар мемлекеттік тапсырыспен жыл сайын 7 миллион  балықтың тұқымын өсіріп, теңізге қосып келеді. 

Бекіре балығы мына көздің қарашығындай уылдырықтан өніп шығады.  Алдымен арнайы инкубациялық қондырғыда ұсталатын тұқым балық боп қалыптасып, арнайы тоғандарға жіберіледі.

Жұпар Охасқызы, шабақ өсіру цехының шебері:

- Бұл шоқыр шабақтары 18-20 м/грамм кезінде осы тоғандарға әкеліп отырғызылды. Қазір енді 45-50 тәулік өткеннен кейін 4-5 гр салмақ жинап, Жайық өзеніне өзінің табиғи ортасына жіберіліп жатыр. 

Биылғы маусымда шоқыр балығының үлесі басым. Оның себебі, ерте көктемде бекіре тұқымдастардың осы түрлері көбірек ұсталған болатын.  Бүгін 3 миллион 600 мың шабақ Жайық өзеніндегі табиғи өрісіне жол тартты. 20 жылда жүздеген миллион шабақ өсірген мамандар алдағы уақытта бекіре тұқымдастарының көбейетініне сенімді.

Әділгерей Қайралапов, ардагер ихтиолог:

- Ғалымдардың айтуынша, 1-1,5 пайыз промбазаға үлкен балық болып кері келеді екен. Бізден 150 млн шабақ кетті деп есептейміз. Сонан 150 мың дана балық қайтадан келуі керек.  

Таяу болашақта Атырау бекіре зауыттарын қайта жарақтандыру жұмыстары басталмақ. Себебі, өткен ғасырдың технологиясы қазіргі талаптарға сай келмей отыр. Осыған байланысты Үкімет тұқымдық балықтар мен шабақтарды табиғи ортада өсірудің жаңа технологиясын қолға алды. Қазір аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемелері мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Атыраулық балық өсірушілердің жобаға артар үміті зор.

Ғилыман Сәрсемәлиев, «Жайық-Атырау бекіре зауыты» РМҚК директоры:

- Яғни қазіргідей маусым-шілде айларында емес, ертерек сәуір-мамыр айларынан бастап бір турды жіберіп тастап, аз уақыт үзіліс беріп, кейіннен тамыз-қыркүйек айларында екінші тур жіберісек сөйтіп қуатымызды екі есе арттыруға мүмкіндік туады. 

Жұмыс ертерек басталса, Атырауда жылына 12 миллион шабақ өсіруге мүмкіндік туады. Нәтижесінде Қазақстанның Каспий маңы мемлекеттері арасында аталған салаға қосатын үлесі артады. Осылайша еліміздің енді бірер жылда бағалы бекіре балығын өндіруші елге айналары анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы